Ашхабадта ҚР СІМ-нің басшысы мен Түркіменстан Президенті қазақ-түркімен қарым-қатынасының әлеуетін талқылады

ҚР СІМ-нің баспасөз қызметі хабарлағандай, сапар барысында сыртқы саяси ведомство басшысы Түркіменстан Президенті Гурбангұлы Бердімұхаммедовтың қабылдауында болды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркіменстан Президентіне арналған жеке жолдауын табыс еткен Е.Қазыханов Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен сыртқы саясаттағы басымдықтары жайында айтып өтті.
Әңгімелесу кезінде қазақстан-түркіменстандық қатынастардың саяси, сауда-экономикалық және мәдени гуманитарлық салалардағы ахуалы мен келешегі талқыланды. Көлік және энергетика саласындағы біріккен ірі жобалардың іске асу үдерісіне қанағат білдіріліп, дипломатиялық қарым- қатынастың орнағанына 20 жыл ішінде қол жеткізген екіжақты әріптестіктің нәтижесіне жоғары баға берілді.
Түркіменстанның қазіргі таңдағы ТМД-ға төрағалығын есепке ала отырып, Достастық шеңберіндегі интеграциялық үдерістер мен экономикалық ынтымақтастықтың келешектері айтылып өтті. Осы күндері Ашхабад қаласында әлемнің 60 елінен жиналған өкілдердің қатысуымен өтіп жатқан «Мұсылман әлеміндегі босқындар мәселесі» атты Ислам ынтымақтастық ұйымының халықаралық министрлік конференцисы аясында министр Е.Қазыханов Қазақстанның ИЫҰ СІМК-не төрағалығы тұсындағы басты басымдықтарымен таныстырды.
Сондай-ақ, сапар шеңберінде Ержан Қазыханов өзінің түркімен әріптесі Вице-премьер - Түркіменстан Сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен кездесті. Сыртқы саяси ведомство басшылары аймақтық және халықаралық қауіпсіздік мәселелерін, Каспий маңы шеңберіндегі басымдылықтарын, транзиттік және энергетикалық ынтымақтастық жайын жан-жақты талқыға салып өтті.
Министрлер Ашхабадта 2012 жылдың наурыз айында өткен саяси консультациялар қорытындыларын, Қазақ-Түркімен мемлекеттік шекараларын демаркациялаудағы үдемелі үдерісін, сондай-ақ елдеріміздің аймақтық және халықаралық өзара әрекеттесудегі бірқатар басымды бағыттарын қанағаттана отырып белгіледі.
Айта кетейік, Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың 5 қазанында орнатылды. 2011 жылдың қорытындысы бойынша, екі ел арасындағы тауар айналымы 183 млн. АҚШ долл. құрады (өсу динамикасы 81%).