Ашық ғарышқа шыққан алғашқы қазақ Талғат Мұсабаевтың өмірлік ұстанымы қандай еді

АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылғы 3 тамызда 75 жасқа қараған шағында көрнекті ұшқыш-ғарышкер, авиация генерал-лейтенанты, техника ғылымдарының докторы, мемлекет және қоғам қайраткері, Халық қаһарманы Талғат Мұсабаев дүниеден озды.

р
Фото: Kazinform

1951 жылғы 7 қаңтарда дүниеге келген Талғат Мұсабаев Қазақстанның ұлттық мақтанышы мен ғылыми-техникалық прогрестің символына айналды. Оның ғарышқа дайындығы мен алғашқы ұшуы 1990-жылдардың басы, яғни тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңіне сәйкес келді.

1994 жылы ол егемен Қазақстанның алғашқы ғарышкері және ашық ғарышқа шыққан тұңғыш қазақ болды. 

Кәсіби мансабында ғарышқа үш сапар жасады, жалпы ұзақтығы бір жылға жуықтады. Сонымен қатар ол 7 мәрте ашық ғарышқа шықты. Талғат Мұсабаевқа дейін ашық ғарышта бір тәуліктен артық уақыт ешкім болмаған, оның жетістігі Гиннесс рекордтар кітабына енгізілді. 

Ғарышкер алғаш болып ашық ғарышқа шығуын былай еске алады:

- Мен жердің ғарыштан көрінетін сұлулығына таң қалдым, өмірдің көгілдір жарығын шашып тұрды. Қорқыныш сезімі орбиталық станцияның люгін ашқан сәтте таңданысқа ұласты: «О, менің Қазақстаным», кездейсоқтық па, сол сәтте «Мир» станциясы менің туған жерімнің үстінен ұшып бара жатқан еді. Жалпы, ғарышта бүкіл жер - туған жер сияқты. Бірақ, мен таныс тау, көл және шексіз қазақ даласының бейнесін көргенде, оның белгі екенін түсіндім. Бұл менің туған елімнің батасы еді және ашық ғарышқа алғаш қадам басқан қазаққа берілген бата болатын,- дейді марқұм. 

Сондай-ақ Талғат Мұсабаев ғарышқа Қазақстанның туын алғаш алып шыққан және орбитаға Құран апарған тұңғыш адам болды.

Оның айтуынша, бұл қасиетті кітапты ғарышқа ешкім апармаған және одан кейін де ешкім апарған емес.

2007 жылдан 2014 жылға дейін Талғат Мұсабаев Ұлттық ғарыш агенттігін (Қазғарыш) басқарды. Қысқа кезеңде оның басшылығымен Қазақстан ұлттық ғарыш саласының дамуы жолында үлкен серпіліс жасады. Заманауи ғарыш инфрақұрылымы құрылды, кәсіби кадрдың өзегі қалыптасты, отандық ғарыш техникасы мен технологияларын жасауда айтарлықтай жетістікке қол жеткізілді, заманауи ғарыш технологиясы бойынша мамандар даярлау жөніндегі стратегиялық маңызды міндет шешіліп, Қазақстан өзін жоғары технологиялар мен ғылым саласында зор амбициясы бар ел ретінде таныта алды. 

Талғат Мұсабаев Ұлттық ғарыш агенттігіндегі жұмысы туралы былай деген еді:

- Маған ғарышта басталған жұмысымды жерде жалғастыру бақыты бұйырды. Бұл мүмкіндікті мемлекетіме, адамзаттың ғарышқа алғаш қадам басқан еліне қызмет ету жолында толық пайдалануға тырыстым,- дейді ол. 

«Қазғарыштың» шежірешісі, «Байқоңыр» ғарыш кешені бойынша Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Сара Нұрғалиева естелігінде былай дейді:

- Көп жыл бойы аңызға айналған ғарышкердің жанында жүріп, Талғат Мұсабаевтың ерекше қасиетін түсіндім, ол әрқашан шын мәнінде маңызды сөздер айтатын, мән-мағынасы кейін барып айқындалатын. Бұл ойлау ауқымының көрсеткіші, ғарыштық ауқым. Ол армандай білетін және уәдесінде тұратын. Бала кезінде: «Ғарышкер боламын» деді — болды. Қазақстанның ғарыш саласын құрамын деді – іске асырды,– деп еске алды тілші. 

Қазақстандық ғарышкер, Халық қаһарманы, Қазақстан әуе күштерінің генерал-майоры, «Бәйтерек» БК» АҚ басқарма төрағасы Айдын Айымбетов те Jibek Joly телеарнасының тілшісіне Талғат Мұсабаев жайлы естелігін бөлісті:

- Ол маған маза бермейтін, кедергі келтіріп емес, іске жан-тәнімен берілгендіктен, басқалардан да соны талап ететін. Ол Қазақстан ғарышының тағдырына шын жүректен алаңдайтын. Ешкімге, тіпті ең жақын серіктеріне де босаңсуға мүмкіндік бермейтін. Ол әрқашан нәтижеге қол жеткізетін. Онымен жартылай күшпен жұмыс істеу мүмкін емес еді. Оның Ұлттық ғарыш агенттігін басқарған тұста Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы құрылды. Жинақтау-сынақ кешенінің құрылысы басталды. Бүгінде Қазақстан спутникті өзі жобалап, өзі жасай алады. Тіпті, қазақстандық технология негізінде халықаралық келісімшарттар жасалды. Біз әлемдік ғарыштық деңгейге шықтық. Жолдың басында Талғат Амангелдіұлы «Бәйтерек» жобасын басқарды. Ол кісінің осы бастаманың басында тұрғаны – символ. Енді бұл жобаны қисынды аяқтау үшін бар күшімді саламын. Қазақстандық «Бәйтерек» ұшыру кешенінен зымыран ұшырылуы тиіс. Біз оның қазасына қайғырамыз, бірақ, мен сенімдімін, ол қалдырған із тек орбитада емес, қазақстандықтардың жүрегінде де сақталады, - деді Айдын Айымбетов.

Сондай-ақ Талғат Мұсабаев Қазақстан Республикасы Президентінің авиация және ғарыш мәселелері жөніндегі кеңесшісі, ҚР Парламентінің сенаторы қызметін атқарды.

Ол ғарышта да, жерде де тәртіп, кәсібилік және жүйеліліктің жақтаушысы болды. Оның ұстанымы- тәртіпсіз ғылымда да, басқаруда да нәтижеге жету мүмкін емес. 

Талғат Мұсабаевтың Kazinform агенттігіне берген сұхбатынан үзінділер:

- Сіз жиі қайталайтын сүйікті нақыл сөз қандай?

- Тәртіп пен тәрбие - менің өмірлік қағидам. Ішкі тәртіп пен тәртіпті өзгеден де талап етпей, саған адамдарды соңынан ерту сеніп тапсырылған жағдайда, қажет нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Қиялдап көріңіз, яғни ғарыш станциясындағы салмақсыздық жағдайында кішкентай қиқым немесе бөгде зат қайғылы салдарға әкелуі мүмкін. Ғарышқа, ашық ғарышқа шығу кезінде және өмірде де талай төтенше жағдай болып тұрады, сондай жағдайдан мені тәртіп, жүйелілік және кәсібилік құтқарып отырды. 

- Әлеуметтік белсенді тұлға деген ұғым сіздің ойыңызша нені білдіреді?

- Меніңше, әлеуметтік белсенді тұлға - адам тағдырына бейжай қарамайтын пенде. Бұл тек ауқымды ойлай алатын емес, нақты әрекет ете алатын адам. Қандай лауазымда отырғаны маңызды емес. Өз балаларына сөзбен емес, ісімен әділдікке, еңбекке, мейірімге үйретіп жүрген қарапайым үй шаруасындағы әйел де әлеуметтік белсенді тұлға. Ал ғарышкерлер санатқа сөзсіз жатады. Ғарыштан жерді көрген кезде, оның қаншалықты нәзік әрі қорғансыз екенін түсінесің. Оның көгілдір жарығы мен жылуы жоғарғы күшпен адамдар үшін жаратылған. Біздің міндет - жердегі өмірді сақтау. Ғарыш адамға үлкен моральдық әрі рухани сабақ береді және мен ғарышқа қол тигізген әр адамға сенемін. Өйткені, ол әрдайым жасампаздыққа қызмет етеді.

Бүгінде тағдырдың жазуымен мен шенеунікпін. Ғарыш - тек адамзаттың асқақ арманы ғана емес, сонымен қатар кез келген мемлекеттің халықаралық деңгейін, беделін айқындайтын жоғары саясат. 

Бүгін таңертең Мемлекет басшысы ұшқыш-ғарышкер, Халық қаһарманы Талғат Мұсабаевтың отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

«Kazinform» агенттігі де Талғат Амангелдіұлы Мұсабаевтың туыстары мен жақындарына көңіл айтады. Оның есімі Қазақстан тарихында отандық ғарыштағы алғаш ізашарлардың бірі әрі көрнекті мемлекет қайраткері ретінде мәңгілікке сақталады.

Соңғы жаңалықтар