Ашықтық пен сенім: Қазақстанның сот жүйесіндегі өзгерістер

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда соңғы 5 жылда сот жүйесі саласында азаматтардың құқықтарын қорғауды арттыруға, сот төрелігін бейтарап іске асыру үшін судьялардың тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған кешенді іс-шара іске асырылды. Kazinform агенттігі саладағы айтулы реформаларға шолу жасап көрді.

суд, судья, сот
Фото: freepik.com

Әкімшілік соттардың мүддесі 

Әкімшілік әділетті ендіру аясында 2021 жылы Президент Жарлығымен мамандандырылған ауданаралық 21 әкімшілік сот құрылды. Олар 2021 жылдың 1 шілдесінде Әкімшілік-рәсімдік процестік кодекс күшіне енгеннен бастап, өз жұмыстарын атқарып келеді.

Әкімшілік соттардың миссиясы – адамдар мен бизнестің құқықтарын мемлекеттік органдардың қысымынан қорғау. Әкімшілік әділет «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жүйелі жүзеге асыра отырып, сот төрелігінде серпіліс жасады.

2021 жылдың ІІ жарты жылдығынан 2024 жылдың маусымына дейін әкімшілік соттарға 87,5 мыңға жуық талаптар түскен, өсім байқалады. Қазір қойылған талаптардың 59%-ы қанағаттандырылды. Көбінесе бұл тұрғын үй, жер, кедендік және салық даулары. Бұл жағдай, ең алдымен, әкімшілік органдар мен лауазымды тұлғалардың өз қызметтерінде әкімшілік әділеттің қағидаларын бұлжытпай сақтап отыруларына алып келді. Демек, бұл цифрлар мынаны білдіреді:

  • «мемлекеттік органмен соттасудың еш пайдасы жоқ, олардың әрекеті әрдайым дұрыс» деген түсінікті өзгертті;
  • әкімшілік органдар өз жұмысын ӘРПК-нің (әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі) жаңа ережелері бойынша әлі қайта құрған жоқ;
  • азаматтар соттың белсенділігін сезініп, әкімшілік соттарға көбірек сене бастады.

Кассациялық соттардың құрылуы мен Жоғарғы сот рөліндегі өзгерістер

Өткен жылы Парламент маңызды новеллалар блогын қабылдады. Ол Сенатта құрылған Сот жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының бірінші кезеңінің нақты нәтижесі. Ол апелляциялардың рөлін кеңейтуге, судьяларға құқық қорғау органдарының тарапынан қысымды болдырмауға, аудандық соттар төрағаларының сайлау элементтерін енгізуге қатысты болды. Мұндай қадам мансаптық өсуді ашық және түсінікті етті. Отбасылық соттар мен алқабилердің қатысуымен өтетін соттардың саны арта бастады. Сотқа талап қою кезінде мемлекеттік бажды төлеу бойынша кейінге қалдыру мүмкіндігі енгізілді.

Кассациялық соттардың құрылуы бүгінгі кассациялық үлгідегі азаматтар мен заң қоғамдастығы өкілдерінің сынына байланысты болды. Өйткені, сот төрелігін жүзеге асыру сапасы мен азаматтардың сотқа деген сенімінің деңгейі әрбір сот органының тиімділігіне тікелей байланысты.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Жоғарғы сот кәсіпкерлермен және заңгерлік қоғамдастықпен кездесулер өткізді. Ұсынылып отырған дербес кассациялық сатының жаңа үлгісі елордада қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша үш кассациялық сот сатысын құруды білдіреді.

Биыл 21 маусымда Парламент қабылдаған Заңдарға енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2025 жылдан бастап Жоғарғы сотта кассациялық саты болмайды. Жоғарғы сот сатысының рөлі де өзгереді, оның жұмысы сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз етуге бағытталады. Жоғарғы сот актілерін қайта қарау ерекше жағдайларда мүмкін болады. Жаңа механизм Жоғарғы сот төрағасының өкілдік институтын ауыртпалықсыз жоюға мүмкіндік береді.

ҚР Конституциялық Соты
Фото: ҚР Конституциялық Соты

Сот жүйесі мемлекеттік органдарға тәуелді ме? 

Президент 2022 жылы сот жүйесін қаржыландырудың жаңа моделін енгізуді тапсырды. Сот жүйесі 2023 жылдан бастап, бүкіл мемлекеттік аппаратты ұстауға жұмсалған шығыстардың кемінде 6,5% иеленуге кепілдік алды. Конституциялық заңның 57-бабы бойынша судьялардың өзін-өзі басқару органы Жоғарғы соттың кеңейтілген пленарлық отырысы айқындалды. Оған соттардың барлық деңгейі, аудандық, облыстық соттардың және Жоғарғы Соттың судьялары кіреді. Бақылауды Жоғары аудиторлық палата жүзеге асырады.

2023-2024 жылдары тәуелсіз сот төрелігін жүзеге асыру үшін қажетті жағдайлар жасау бағытындағы жұмыстар жалғасын тапты. 2023 жылы Жоғарғы Соттың кеңейтілген жалпы отырысында бекітілген қағида сот жүйесінің бюджетін бөлуді толық іске асыруға мүмкіндік берді. Шығындардың бағыттары – жалақы, салықтар, жарналар, аударымдар, өмір бойы ұстау, жұмыстан шығу жәрдемақысы тағы басқа.

Отандық сот жүйесіндегі гендерлік теңдік

Сот төрелігін жүзеге асырудың күрделі және жауапты жолында нәзік жанды судьялар ер азаматтармен тең дәрежеде жұмыс істейді. Олар республиканың сот жүйесінің жартысынан көбін құрайды – 52,9%. Жалпы, еліміздегі сот қызметкерлерінің 67,6% - әйелдер. Жұмыс жүктемесі, істердің күрделілігі мен уақыттың тапшылығына қарамастан, нәзік жандылардың үлесі бар.

Сот жүйесін цифрландыру

Басқа елдер сияқты қазақстандық сот жүйесі де электронды форматқа ауыстырылды. Оның артықшылығы ашық (бұрмалауға жол берілмейді) әрі арзан (қағаз қажет емес). «Сот кабинеті» арқылы құжаттардың 95% электронды түрде беріледі.

Жұмыс уақытының әр минуты сайын 100-ден астам жаңа құжат қалыптастырылады. BigData технологиясымен Сингапур тәжірибесі бойынша осы орасан зор ақпараттық массивті өңдеу үшін Ахуалдық орталық құрылды. Ол тәулік бойы республика соттарының қызметін 850-ден астам көрсеткіш бойынша бағалап отырады.

Процеске қатысушылар «Танысу» модулі бойынша кез келген уақытта онлайн-режимде талап қоюмен, сот отырыстарының аудиожазбаларымен, азаматтық және әкімшілік істер бойынша басқа да құжаттармен таныса алады.

Еліміздегі сот отырыстары залдары аудио және бейнетүсірілім жүйесімен жабдықталған. Осылайша, сот процесіне онлайн режимде қатысуға мүмкіндік жасалған. 2022 жылы енгізілген тағы бір ноу-хау, енді процеске қатысушылар өз тұрғылықты жерінде ғана емес, еліміздің кез келген басқа да сотына жүгінуге құқылы. Бұл жергілікті атқарушы органдардың, құқық қорғау органдарының және бизнес-элитаның сотқа ықпал етуін жояды, сот жүктемесі теңестіріледі, өйткені жүйе істі жүктемесі ең аз сотқа жібереді.

Цифрландыру
Фото: Kazinform

Шетелдік мамандар қазақстандық сот жүйесіне қызығушылық танытып отыр 

Біріншісі – жасанды интеллект элементтері пайдаланып жасалатын цифрлық сот талдауы. Сервис азаматтық істің нәтижесін болжау мүмкіндігін ашып қана қоймай, біркелкі сот практикасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, өйткені судья талап қою түскен кезден бастап, ұқсас істер бойынша жағдайды көріп отырады.

Екінші кейс – қазақстандық соттарда былтырдан бастап қолданылып келе жатқан роботтандыру технологиясы. Шешім қабылдаудың нақты алгоритмдері негізінде робот судьялардың қалауы заңмен қатаң шектелген істер бойынша сот актілерінің жобаларын дайындайды. Мысалы, борышкерге елден кетуге тыйым салатын санкция беру. Бұл – күнделікті жұмыс, судья дәлелдемелерді бағаламайды, сот практикасын қолданбайды және құқық нормаларын зерттемейді. Бұл ретте, шешімге қол қоятын судьяның жауапкершілігі сақталады. Конституциялық талаптар бұзылмайды.

Одан әрі роботтандыру үшін әлеуеті бар істер мен материалдар санаттарына талдау жүргізіледі. Бұл бір жағынан, соттарды әдеттегі уақытты көп алатын жұмыстан босатады, екінші жағынан, сот қателіктері азаяды.

Жаңа IT шешімдерді енгізу сот төрелігінің тиімділігі жөніндегі Еуропалық комиссия (CEPEJ) бекіткен сот жүйелерінде жасанды интеллектті қолдану туралы Еуропалық этикалық Хартияның ережелерін ескере отырып жүзеге асырылады.

Бұл технология судья-адамды алмастырмайды, бұл – сот практикасының біркелкілігін және процеске қатысушылардың құқықтарын сапалы қорғауды қамтамасыз ететін қосымша көмек құралы ғана.

Жалпы, елімізде және шетелде сот төрелігін цифрландыру деңгейі жоғары бағаланып отыр. Соттардың IT-технологияларды қолдануы бойынша CEPEJ 2020 және 2022 жылдардағы шолуларында Қазақстан 47 елдің ішінде 4-ші орынды иеленді.

Алқабилердің қатысуымен өтетін сот процестері көбейген. Бұл әділетті соттың көрсеткіші ме?

Қазақстанда 2007 жылдан бастап алқабилердің қатысуымен сот процестері өткізіле бастады және ол сот төрелігін жүзеге асырудың бір түрі ретінде, соңғы уақытта резонанстық істер бойынша ақтау үкімдерін шығаруға байланысты кең таралды.

Бұл институт – демократияның көрсеткіші, қоғамның сот төрелігін жүзеге асыруға қатысуы. Адамның кінәлілігі немесе кінәсіздігі туралы шешімді азаматтардың өздері қабылдайды.

Алқаби болу үшін бірнеше кезеңнен тұратын мұқият іріктеу процедурасынан өту керек. Іріктеу кезеңі сотқа тікелей тәуелді болмайтындай етіп ойластырылған. Мәселен, алқабилерге кандидаттардың тізімін жергілікті атқарушы органдар (әкімдіктер) жасақтайды.

Кандидаттарға іріктеу кезеңінде де, сот процесінде де бірқатар талап қойылады. Мәселен, егер тараптар алқабилердің біреуінің процеске қатысушыларға туыстық байланысы туралы білсе, оларға уәжді қарсылық білдіре алады.

Ең бастысы – судьялар, прокурорлар, тергеушілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері алқабилер бола алмайды. Бұл объективтілікті барынша қамтамасыз ету және айыптау бағытына тосқауыл қою үшін жасалған.

Қылмыстық істі алқабилер сотының қарауына мүмкіндік беру – ол әрбір адамның Конституцияда көзделген объективті сот қорғауына деген құқығы. Алқабилер соты – тараптардың жарыспалылығы, кінәсіздік презумпциясы, тәуелсіз, алқалы, объективті сот төрелігі сынды қағидаттарға толық жауап беретін адам құқықтарының кепілі.

2023 жылдан бастап алқабилер сотының қарауына жататын істердің ауқымы едәуір кеңейтілді. Сондықтан да болар, статистика осы заң институты қарастырған істердің өсу деңгейін көрсетеді. Мәселен, 2019-2023 жылдары және 2024 жылдың 5 айында алқабилер жалпы саны 422 қылмыстық істі қараған.

Қуандық Бишимбаев
Фото: Астана қаласы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты

Экс-шенеунік Қуандық Бишімбаев ісінің сот ашықтығына әсері 

Қ. Бишімбаевқа қатысты сот процесінің тікелей эфирде өтуі тараптардың өтінішхаты бойынша жүзеге асырылған. Бұл жерде айта кету керек, трансляция өткізу туралы сотталушының өзі өтініш білдірген.

Сот отырысының ашық форматы әрбір тілек білдіруші сот залына кіріп, сот талқылауының басынан аяғына дейін қатыса алатындығын білдіреді.

Істі тікелей эфирде тарату ерен еңбекті қажет етеді, ол үшін сот залының материалдық-техникалық базасы болуы қажет. Отырысты көпшілікке кеңінен көрсету соттың түпкілікті мақсаты емес. Көшпелі сот отырыстары және сот отырыстарын тікелей эфирде тарату адамдарға әрбір жасаған әрекеті үшін жазаның болатындығын түсіндіруге бағытталады.

Кейде жергілікті жерлерде көшпелі сот отырыстары (оқу орындарында, еңбек ұжымдарында және т.б.) жүргізіледі. Осылайша, соттар құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, заң бұзушылықтардың, соның ішінде қылмыстардың алдын алу шараларын қолданады.

Татулық – тұрақтылық негізі немесе медиация тәртібі

Дауларды шешудің әлемдік практикасының негізінде татуласу жатыр. Бұл қазірдің өзінде аксиома. Мысалы, ОЭСР елдерінде татуласу үлкен орын алады. Ол жақта азаматтар дауларды шешуде ең алдымен, медиаторға жүгінуді жөн санайды. Олар оның жұмысының тиімділігін жақсы түсінеді, сот процесінің қымбаттығы мен ұзақтығын ескереді. Мысалы, Ұлыбритания мен Канадада даулардың 80-90 % медиация арқылы шешіледі, соттар тек аса күрделі істерді ғана қарайды.

Біздің соттар 2023 жылы татуласудың баламалы тәсілдерін қолдана отырып, 117,5 мың азаматтық дауды шешті. Ал 2024 жылдың 5 айында бұл көрсеткіш 44 мыңнан асты.

2023 жылы дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібімен 27,7 мың іс, 2024 жылдың 5 айында 12 мыңға жуық іс аяқталды.

ӘРПК шеңберінде бітімгершілік рәсімдерді қолдана отырып, 10,7 іс аяқталды (2024 жылдың 5 айында – 1,5 мың). Бітімгершілік рәсімдерді қолдану өз мүмкіндігін әлі де жоғалтқан жоқ.

Көпшілігі әлі күнге дейін медиация соттың айрықша құзыреті деп санайды, қоғамда әлі де өзара татуласу мәдениеті нақты қалыптаса қойған жоқ, көп жағдайда адамдар өз дауларын соттан тыс шеше алмайды және шешуге құлықты емес. Азаматтарға татуласу дауды шешудің ең тиімді тәсілі екенін жеткізе білу – өте маңызды.

Өмір бойы бас бостандығынан айырылған қылмыскердің өзі рақымшылыққа үміттенеді

Конституцияның 54-бабына сәйкес, рақымшылық жасау туралы мәселе тек Парламенттің қарауында болады және ол жеке-дара айқындалмаған адамдар тобына қатысты шығарылады. Рақымшылық жасау - адамды жасаған қылмыстары үшін оңалтуды білдірмейді және тек кешіру болып саналады.

Қылмыстық кодекстің 78-бабының мазмұнынан көрініп тұрғандай, рақымшылық жасау немесе кешірім жасау актісі негізінде қылмыс жасаған адамдар қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босатылуы мүмкін. Ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдарға рақымшылық жасау туралы акт негізінде оларға тағайындалған жазаның мерзімі қысқартылуы мүмкін.

Кәмелетке толмаған жасөспірімдерді қоспағанда, кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар, террористік және экстремистік қылмыстар, азаптаулар, сондай-ақ қылмыстардың қайталануы немесе қылмыстардың қауiптi қайталануы кезінде жаза тағайындалған адамдарға рақымшылық жасау туралы акт қолданылмайды.

Өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталған адам рақымшылыққа жатпайды және шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды сұрау мүмкіндігін алғанға дейін 25 жыл бас бостандығынан айыру жазасы мерзімін өтеуге тиіс (Қылмыстық кодекстің 72-бабы 6-бөлігі).

Ұлттық статистика бюросының 2023 жылғы зерттеуі бойынша халықтың сот жүйесіне деген сенімінің көрсеткіші - 52,2%.

Соңғы жаңалықтар