АШМ азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру тетіктерін ұсынды
«Азық-түлік өнімдерінің бағасын бір қалыпта ұстап тұру заң бойынша жергілікті атқару органдарына жүктелген. Аталған шешім, 2012 жылы қабылданып, сол жылы 12,6 млрд. теңге республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке бөлінді», - деді Қ.Айтуғанов.
Азық-түлік тауарларының нарықтағы жағдайы бойынша әрбір әкімдік тұрақтандыру қорларынан қанша мөлшерде қаражат бөлу керектігі жөнінде шешім қабылдайды.
Қыркүйек пен қараша айларының аралығында 1493 жәрмеңке ұйымдастырылып, 9,1 млрд. теңгенің көлемінде өнімдер сатылды. Ал 2015 жылы мұндай жәрмеңкелердің саны 3500-ге жетті.
Бірінші вице-министрдің айтуынша, бағаны тұрақтандыру мүмкіндіктері толыққанды жүзеге асырылмай жатыр. Мысалы, тұрақтандыру қорларына бөлінген қаржының бір бөлігі депозиттерде. Сонымен қатар, кейбір өңірлерде депозиттердің көлемі бөлінген қаражаттың жартысынан асады. Осындай жағдай тиімсіз ұйымдастырудың салдары болып табылады.
«Осы тұрғыда азық-түлік бағасын тұрақтандырудың үш механизмін ұсынып отырмыз: тұрақтандыру қорларының жұмыс тәртібін жеңілдету; мемлекеттік-жеке меншік серіктестік қағидасы бойынша әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен жеке меншік компания арасындағы құрылған кәсіпорындар арқылы тұрақтандыру қорларын басқару; сауда нысандарына талаптарды әзірлеу», - деді Айтуғанов.
Қазіргі таңда үшінші механизм Астана қаласының әкімдігімен жүзеге асырылып жатыр.
Мұнан ары ол көтерме-тарату орталықтарының маңызы туралы айтып өтті.
«Экспорттық әлеуетті арттыру тұрғысынан бұл мәселенің маңызы зор. Сондықтан, АӨК-ті дамыту мемлекеттік жаңа бағдарламасының аясында көтерме-тарату орталықтары жүйесін жасауға ерекше назар аударылады. Олардың басты мақсаты өндіруші мен жекелеп сатушылар арасындағы жүйені оңтайландыру және ауыл шаруашылығы кооперативтерінің әлеуетін қолдану болып табылады», - деді Қайрат Айтуғанов.