АШМ: Консервіленген жеміс-көкөніс өнімдерінің 90 пайыздан астамы – импорт

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде халық тұтынатын консервіленген жеміс-көкөніс өнімдерінің 90 пайыздан астамы – импорт. Бұл туралы Kazinform агенттігінің ресми сауалына Ауыл шаруашылығы министрлігі жолдаған ресми жауапта айтылған.

АШМ: Консервіленген жеміс-көкөніс өнімдерінің 90 пайыздан астамы – импорт
Фото: pixabay

— Консервіленген және қайта өңделген жеміс-көкөніс өнімдерінің өндірісі 2024 жылдың қорытындысы бойынша 29 мың тонна болды. Сонымен қатар, импорт үлесі айтарлықтай жоғары – 198 мың тонна болып келеді. Ол жалпы тұтынуға шаққанда 90 пайыздан асады. Импорттық өнімнің үлесі жоғары болуының себебі - отандық жеміс-көкөніс шикізатының жеткізілімі маусымдық болуы және өндірілген консервілер мен шырындардың өзіндік құны жоғары болуы, - деп жазылған жауапта.

Ведомство елімізде бұл саланы қолдау бағытында бірқатар іс-шара атқарылып жатқанын мәлім етті.

— Жеміс-көкөніс шикізатының өндірісін арттыру мақсатында елімізде бау-бақша шаруашылығын қолдау шаралары іске асырылып жатыр. Мәселен, бау -бақша салу үшін инвестициялық субсидиялар көзделген. Одан бөлек, маусымға тәуелділік мәселесін шешу үшін жеміс-көкөніс қоймаларын салу жөніндегі іс-шаралар кешені бекітілген. Сонымен қатар жеміс-көкөністерді қайта өңдеу кәсіпорындарын қолдау мақсатында жеңілдетінген несиелер, сондай-ақ инвестициялық субсидиялар бағдарламалары қарастырылған, - делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар