АШМ: Шегірткенің кесірі егін шығымына әсер етпейді

АСТАНА. KAZINFORM — Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында биыл шегірткеден егін түсіміне ешқандай зиян келмейтінін мәлім етті.

АШМ: Шегірткенің кесірі егін шығымына әсер етпейді
Фото: pixabay.com

— Бізде диагностика мен болжам жасайтын мекеме бар. Былтыр күзде солар зерттеу жүргізіп, 2,1 млн гектар алқапты шегірткеге қарсы өңдеу керектігін айтқан болатын. Оның ішінде 15-16 облыстағы алқаптар болды. Жұмыстық уақытында жүргіздік, мемлекет тарапынан 7,1 млрд теңге бөлінген болатын. Бүкіл конкурстар уақытында өтіп, препараттар да уақытында сатып алынды. Жұмыс жоспар бойынша жүріп жатыр. Бірақ кейбір адамдар БАҚ-қа ақпарат тастап жіберіп жатыр. Бір жағынан ол бізге жақсы. Дер кезінде мән-жайды анықтауға көмектеседі. Қазір 2 млн гектардан астам алқапқа дәрі себілді. 400-ден астам техника тартылған. Облыс әкімдерінің орынбасарлары басқаратын штабтар жұмыс істеп тұр, — деді Айдарбек Сапаров.

Министр шегіртке басқаны туралы дабыл шыққан өңірлердің халқымен кездесіп қайтқандарын айтты.

— Орынбасарларым да, өзім де өңірлерді аралап, халықпен кездестік. Біздің жергілікті өкілдерден ғана емес, халықтың өз аузынан естідім. Барлық жағдай тұрақты түрде жасалып жатқанына көз жеткіздік. Мәселені бақылауда ұстап отырмыз. 1 гектар жерге де ешқандай зиян болған жоқ. Егіннің шығымына да, шабындықтың түсіміне де кері әсері болмайды. Өйткені оңтүстік жақта шегірткеге қарсы өңдеу жұмыстары аяқталды. Солтүстіктегі Қостанай, Ақтөбе жақтарда жұмыс күшейтіліп жатыр. 15-20 шілдеге қарай аяқталады, — деді ведомство басшысы.

Бұған дейін Қырғызстанда шегірткемен күресте жаңа препарат қолданыла бастағанын жазған едік

Соңғы жаңалықтар