АШМ: Тері өңдейтін 7 кәсіпорынға жеңілдетілген несие берілді

АСТАНА. KAZINFORM — Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ербол Тасжүреков орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында тері өңдейтін кәсіпорындардың несиесін мемлекет кепілдендіретінін айтты.

БҚО-да тері өңдейтін зауыт іске қосылды
Фото: БҚО әкімдігі

— Тері мен жүн өңдеу бағыттары соңғы 2-3 жылдың ішінде қайта қолға алынды. Өйткені шынымен де кенже қалған салалар болатын. Бүгінде тері мен жүн өңдеуге мемлекет қаржылай да, қаржылай емес де қолдау көрсете бастады. Қазір осы салаға ақша салғысы келетін әр инвестормен жеке жұмыс істеп, проблемаларын жергілікті әкімдіктермен бірге шешуге атсалысамыз. Бұл бағыттағы жобалар да көп емес. Қазір 7 инвестордың қолында 7 кәсіпорын бар. Әзірге тек тері өңдеумен айналысып отыр. Оның ішінде жуықта ашылған Батыс Қазақстан, Ақмола облыстарындағы кәсіпорындар да бар. Оның бәрі жергілікті әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мен Аграрлық несие корпорациясынан жеңілдетілген пайызбен несие алды. Несиенің мөлшерлемелері 2,5-6 пайыз, — деді вице-министр. 

Ербол Тасжүреков мұндай инвесторларға «Даму» қоры да қолдау көрсететінін айтты.

— Оларды айналым қаражатымен толықтай қамтамасыз ету жөніндегі бағдарлама қарастырылған. Ондай кәсіпорындар несие алуға кепілдіктері жоқ болса, «Даму» қоры арқылы 85 пайызын мемлекет кепілдендіреді. Қазір осы мәселе пысықталып жатыр. Жерігілікті бюджеттер арқылы арнайы қаражат бөлеміз, — деді ол.

Ресми мәлімет бойынша, елімізде сиыр терісінің 78%-ы өңделмейді

Соңғы жаңалықтар
Референдум