Әшімбаев халықаралық қауіпсіздік турасында: барлық әрекет БҰҰ жарғысына сәйкес болуы тиіс
АСТАНА. KAZINFORM – Қазір әлемдегі гуманитарлық дағдарыстардың ушығуы және мәдени мұралардың қирауы ерекше алаңдатып отыр. Бұл туралы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі хатшылығының басшысы – Қазақстан Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлім етті.

- Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі 20 жылдан астам уақыт бойы жаһандық дінаралық диалогты нығайтуға үлкен үлес қосып келеді. Осы аралықта бұл бастама уақыт сынынан сенімді өтіп, өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Бүгінде форум рухани көшбасшылар мен дін қайраткерлері, саясаткерлер мен халықаралық ұйымдардың басшылары және үкіметтік емес ұйым өкілдері мен сарапшылар бас қосатын бірегей диалог алаңы ретінде қалыптасты. Бұл - осы маңызды іске атсалысқан барлық қатысушының бірлескен жұмысының нақты нәтижесі. Осыған орай, баршаңызға Съез бен оның Хатшылығына көрсетіп келе жатқан қолдауларыңыз үшін алғысымызды білдіреміз, - деді М. Әшімбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі хатшылығының XXIII отырысында.
Оның пайымынша, 2022 жылы өткен жетінші Съез әлемдік діндердің бірлігі айтарлықтай күшке ие екенін айқын көрсетіп берді. Сондай-ақ әлемдегі қақтығыстар мен қайшылықтарға қарамастан, ашық әрі сындарлы диалог мәдениеттерді, халықтар мен діндерді жақындастыра алатынына нақты дәлел болды.
- Сегізінші Съезде мазмұны мен мәні осы сабақтастықты сақтап, қалыптасқан дәстүрді лайықты жалғастырады деп сенеміз. Хатшылықтың бүгінгі отырысы осы бағыттағы маңызды қадам екені анық. Сондықтан кездесуіміз нәтижелі және табысты болсын деп тілейміз. Біз халықаралық қатынастар жүйесі өзгерістерге ұшырап, жаңа сын-қатерлер пайда болған және бұрынғылары шиеленісе түскен кезеңде жиналып отырмыз. Қазір Украинада, Газада және басқа да аймақтарда қақтығыстар салдарынан адамдардың қаза табуы бәріміздің қабырғамызды қайыстырады. Гуманитарлық дағдарыстардың ушығуы және мәдени мұралардың қирауы да алаңдатып отыр. Саяси толқулар, идеологиялық қарама-қайшылық және сенім дағдарысы күшейе түскені бәрімізге белгілі. Халықаралық қауіпсіздік тетіктері қауқарсыздық танытып, протекционизм мен біржақты әрекеттер артуда. Мұндай жағдайда жанжалды тек саяси дипломатиялық және бейбіт жолмен шешуге ұмтылу аса маңызды. Барлық әрекет БҰҰ жарғысына және халықаралық құқық нормаларына сәйкес болуы тиіс, - деді Сенат төрағасы.
Бұл тұрғыда ол әлемдегі сын-қатерлерді еңсеру үшін барлық конструктивті және жасампаз күштердің бірлесіп әрекет етуі айрықша мәнге ие екенін айтты. Шын мәнінде, әлемдік діндер лидерлерінің жұдырықтай жұмылуы жаһандық проблемаларды шешу, соғыстар мен қақтығыстарды тоқтатуға ықпал ету және диалог пен өзара құрмет мәдениетін дәріптеуге серпін беретіні анық.
- Қазіргі күрделі геосаяси және геоэкономикалық жағдайда әртүрлі ірі мемлекеттер арасында қайшылықтар көбейгені жасырын емес. Осындай кезеңде прагматизмге табан тіреген және сындарлы өзара іс-қимыл жасай алатын Қазақстан сияқты орта елдердің рөлі артуда. Сол себепті тұрақтылық пен диалогты қамтамасыз етуде орта мемлекеттердің күш-жігері мен дін лидерлерінің моральдық беделінің синергиясы зор маңызға ие деп есептейміз. Бұл ынтымақтастық жаңа халықаралық бітімгершілік және гуманитарлық бастамаларға тың серпін береді деп үміттенеміз, - деді М. Әшімбаев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Дүниежүзілік ислам лигасы Қазақстан рухани дипломатияны нығайтудың маңызды үлгісі болғанын мәлімдеді.