Ashyq: «Қызыл» статуспен ұсталған астаналықтар 87 мың теңге айыппұл төлейді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 10 маусымнан бастап оқшаулау режимін бұзған тұрғындарға 87 510 теңге айыппұл салынады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ashyq» платформасының көмегімен анықталған өзін-өзі оқшаулау режимін бұзушыларға әкімшілік жаза қарастырылған. Осылайша бұл жүйелер «Ashyq» жобасына қатысатын қоғамдық нысандарға барғанда «қызыл» мәртебесі бар адамдардың тіркелу фактісін растайды. Яғни карантиндегі науқас адамның санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамауы ҚР ӘҚБтК-нің 802-бабына сәйкес әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғауға және оған әкімшілік жаза шараларын қолдануға себеп болады», - деді С. Бейсенова елорда әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің айтуынша, тұрғын өзінің жұқтырылған мәртебесі туралы біле тұра, оқшаулау режимін бұзса және айналасындағыларға қасақана жұқтыру қаупін тудырса, ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы 1-бөлігімен оған 30 АЕК немесе 87 510 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынады. Бұл қағидалар 2021 жылғы 10 маусымда күшіне енеді.

«Қызыл» немесе «сары» мәртебесі бар тұрғындар мегаполистің қоғамдық орындарында жүрсе, СOVID-19 тасымалдаушылары болып саналады, иммунитеті төмендерге, қарттар мен балаларға және басқаларына ауру жұқтырады. Осылайша Нұр-Сұлтан қаласының «қызыл» аймақта болу кезеңін ұлғайтып, сырқаттанудың күнделікті өсуіне үлес қосады», - дейді Сархат Бейсенова.

Айта кетейік, мамыр айының басымен салыстырғанда 100 мың тұрғынға шаққандағы апталық сырқаттану көрсеткіші 210-нан 110-ға дейін төмендеді. Бір аптада СOVID-19 бойынша 1315 жағдай тіркелді, сырқаттану көрсеткіші алдыңғы аптадан 18%-ға төмен.

Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова COVID-19 бойынша тұрақсыз жағдайға байланысты отбасылық және бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салды.

Нұр-Сұлтан қаласында 1049 кәсіпкерлік субъектісі «Ashyq» жобасы аясында жұмыс істеу үшін QR-код алған. Жоба арқылы Нұр-Сұлтанда үй карантинін бұзған 3140 адам анықталды.



Соңғы жаңалықтар