«Asia Folk 2025»: Азия халықтарының өнері Моңғолияда тоғысады

АСТАНА. KAZINFORM — 13 маусымда Ұланбатыр қаласында Азия қалаларының фольклоры мен халық қолөнері фестивалі — «Asia Folk 2025» басталады, деп жазады Монцамэ.

Ұланбатырда “Asia Folk 2025” фестивалі өтеді
Фото: Монцамэ

Шара ел астана әкімшілігі басшысының бастамасымен өтеді.

Үш күнге созылатын фестивальге Жапония, Корея Республикасы, Үндістан Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Вьетнам Социалистік Республикасы және Өзбекстан Республикасы сияқты 11 елден 170 мәдениет өкілі тіркелген.

13–15 маусым аралығында Сүхбаатар алаңында шетелдік және моңғолиялық халық өнерпаздарының бірлескен концерті, Азия елдерінің ұлттық киімдер шеруі мен көрсетілімі, сондай-ақ қолдан жасалған бұйымдар көрме-жәрмеңкесі өтеді.

Биыл «Asia Folk» фестивалі сегізінші рет ұйымдастырылып отыр. Алғаш рет ол 2019 жылы «Азия халық өнері фестивалі» атауымен өткен, ал 2020–2022 жылдары пандемияға байланысты онлайн форматта өткізілген.

«Asia Folk» фестивалі шетелдік туристерге ғана емес, сонымен қатар моңғол халқына да Азия халықтарының мәдени мұрасымен және халық өнерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.

Бұған дейін Моңғолияда қой қырқу бойынша әлемдік сайыс және алғаш рет сүт фестивалі өтетінін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар