Асық ойыны қытай елінде қайдан жүр
АСТАНА. KAZINFORM – «Асық ату» ойыны – Көшпенділер арасында кең тараған ұлттық ойын түрлерінің бірі. Тәрбиелік мәні зор. Ептілікке, мергендікке, шапшаңдыққа, сергектікке дағдыландырады және балалардың өзара достық, бауырмалдық сезімін арттырады. Асық ойнағандағы іс-қимыл жас балалардың денесін шынықтырып, аяқ-қолдағы буын ауруларының алдын алады. Асықты Орталық Азия халықтары, оның ішінде өзбек, қырғыз, тәжік, моңғолдар ойнаған. Сонымен бірге, асық ойыны «Цин» империясы кезінде Қытайдың солтүстік өңірлеріне кеңінен таралғанын біреу білсе-біреу білмейді.
Асық ойыны қытайлар арасында қалай таралды?
Қытайлықтар асық ойынын «Галаха» деп атайды. Бұл атау шын мәнінде манчжур тілінен шыққан: ᡤᠠᠴᡠᡥᠠ (гакуха).
Тарихқа көз жүгіртсек, көшпелі өмір салтын ұстанған манчжурлар бір кездері Қытайды басып алып, «Цин» деп аталатын империя құрды. Маньчжур билеушілерінің ықпалымен асық ойыны Қытайдың солтүстігінде де дәстүрлі халық ойнына айналды.
Маньчжур аңыздарында «Галаха» ойыны Цзинь Ушу деген жауынгердің есімімен байланысты. Аңыз бойынша, бала кезінде Цзинь Ушуды ата-анасы оны тауға аң аулауға жібереді. Көптеген қиындықты жеңген Цзинь Ушу ақыры ең жыртқыш төрт аңды жеңіп, олжа ретінде осы төрт аңның аяқ буын сүйектерін алып келеді. Содан бастап Цзинь Ушудың батылдығы мен күші ел аузында аңызға айналады. Маньчжур халқы ұрпағын Цзинь Ушудай ержүрек ету үшін балаларын «Галахамен» ойнауға үйретеді.
Ал Қытайдың солтүстігінде асық – дәстүрлі түрде қыздарға арналған ойын түрі. Қазақтар сияқты қытайлар да қойдың асық сүйектерін пайдаланады. Кейде оның орнына шошқаның буын сүйектерін де қолданған. Ойынның ережесі қазақтың «бестас ойынына» өте ұқсас, ол да лақтыру мен ұстауға негізделген.
Қытай жазбаларына негізделсек, ойынға қатысушылар бірнеше асық пен резеңке допты немесе құм дорбасын дайындайды. Ойыншы құм салынған дорбаны жоғарыға лақтырған кезде ол жерге құламай тұрып бір қолымен мүмкіндігінше көп асықты ұстап, қайта түсіп келе жатқан құм дорбаны да қағып алуы керек. Ең көп асықты ұстаған адам жеңімпаз атанады.
Қазіргі таңда да қытайдың taobao секілді танымал интернет дүкендерінде асықтың түр-түрі сатылып жатқанын байқадық. Ондағы түсіндірмелерде бұл – 60-70 жылдардағы балалардың ерекше сүйікті ойыны. Балалардың зейін-зердесін ашатын, мергендікке, спортқа тәрбиелейтін ерекше ойыншықтар деп таныстырылған.
Моңғолдарда асық ойыны «сага» деп аталады
Моңғолдар асықты ойнаумен бірге, болжам жасау, бақсылық және нысана көздеуге жаттығулары үшін де пайдаланады. Сонымен қатар, моңғолдарда да шахматқа ұқсас ойындар болған, олар асықты шахмат фигуралары ретінде пайдаланған.
Сага ойындарының көп жылдық тарихы бар. Деректерге сүйенсек, Сага ерте заманда көріпкелдік үшін қолданылған, кейін бірте-бірте дербес ойын-сауық ойыншығына айналған. ХІІІ ғасырда моңғолдар Моңғол үстіртіне шабуыл жасағанда, Сага көбірек мәдени сауға ретінде пайдаланылған. Мысалы, Темучин 11 жасында одақтасы Джамухаға достық байланысы ретінде мыс толтырылған ешкі асығын бергені туралы деректер бар.
Уақыт өте келе сага ойындарының ауқымы айтарлықтай дамып, мазмұны барған сайын молайып, Моңғолиядағы өкілдік ойын-сауық жобасына айналды.
Өзбектер асық ойынын «аңшылық ойындары» тобына кіргізеді
«Өзбекстанның материалдық емес мәдени мұрасы» сайтының мәліметіне негізделсек, халық ойындарының ішінде «аңшылық ойындары» тобына кіретін «Асық» (өзбекше «Ошиқ») ойыны да бар.
Халық ойындары өз заманындағы адамдардың тұрмыс-тіршілігін, еңбек жағдайын, ұлтын, дінін және басқа да өзіндік ерекшеліктерін бейнелеп, ептілік қасиеттерін шыңдауға көмектескен.
Өзбектер арасында асық ойнының шаршы алаңнан дәлдеп ұрып шығару түрі көп таралған. Ойынға негізінен екі немесе одан көп адам қатысады. Тегіс жерге қабырғалары шамамен 1,5-1,5 метр болатын шаршы сызылған, ал оның ортасына асықтарды тізіп қойған. Таңдалған тордан 2,5-4 метр қашықтықтан тұрып ойыншы хирп асығын (балқытылған қорғасын құйылған сақа, негізінен мал асығынан жасалады, көлемі үлкен) шаршыға қарай атады. Мақсат – тізілген асықтарды шаршы алаңнан шығару. Хирп бір немесе бірнеше асықты шаршыдан шығаруы мүмкін. Ол қай жерге түссе, ойыншы бір аяғын сол жерге қойып тұрып, басқа асықтарды сызықтан шығара бастайды. Егер ойыншы әр ұрған сайын шаршыдан асық шығарып отырса, ол ойынды жалғастырып, ұтқанын қалтаға баса береді. Егер соққы сәтсіз болса, кезек қарсыласқа өтеді. Кім көп асықты шаршы алаңнан шығарса, сол ойыншы жеңеді. Ойыншылар кезекпен ойынды бастайды.
Ел ішінде сақталған асықтың түрлері мен атаулары
- Асық – төрт түлік малдың тілерсегінде болатын, қызметі аса күрделі, буынға біткен шымыр сүйек. Қой, ешкі, сиыр, түйе асығы үлкен-кішілігіне қарамастан бір пішіндес, мүсіндес келеді. Ал жылқы асығы басқа пішінде болады.
- Алшы – асықтың иірілгенде табаны жерге тиіп, тұрық түсуі. Ойын кезінде оған аса мән беріледі. Ол – бірінші дәрежелі асық. «Асығың алшысынан түссін», деп қазақ сәттілік тілеген.
- Тәйке – асықтың иірілгенде табаны үстіне қарап, тұрық түсуі. Ол – екінші дәрежелі асық.
- Бүге – асықтың иірілгенде дөңес жоны үстіне қарап, етпетінен жатық түсуі. Ол үшінші дәрежелі мәнге ие.
- Шіге – асықтың иірілгенде шұңқыр құрсақ жағы үстіне қарап, шалқасынан жатық түсуі. Ол төртінші дәрежелі мәнге ие.
- Тұрық – асықтың алшы не тәйке түсуі.
- Омпы – асықтың тұмсығымен жер тіреп, тік шаншылып түсуі.
- Сомпы – асық тұмсығымен көкке қарап, тік шаншылып шоңқая түсуі.
- Табан – асықтың тәйке жағы.
- Оңқай – асықтың бүгесі алақанға қарап, тәйкесі оң қол бас бармағына басылып ыңғайлы ұсталуы. Оңқай асық малдың сол жақ аяғының тілерсегінде болады.
- Солақай – асықтың шігесі сыртқа қарап, алшысы оң қол бас бармағына басылып ыңғайлы ұсталуы. Солақай асық малдың оң жақ аяғының тілерсегінде болады.
- Сақа — қолдағы бар асықтың үлкенінен, ірісінен, салмақтысынан, оңқайынан белгіленеді. Сақа деп арқардың асығын атайды.
- Құлжа — арқардың аталығының асығы.
- Жабайт — еліктің асығы.
- Шүкімайт — қозы мен лақтың асығы