Асылхан Асан фристайл-акробатикадан жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанды
АСТАНА. KAZINFORM — Фристайл-акробатикадан Қазақстан құрамасының өкілі Асылхан Асан Айролода (Швейцария) өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында жеңімпаз атанды. Бұл туралы Ұлттық олимпиада комитеті мәлім етті.
Спортшы жекелей сайыста үздік нәтиже көрсетті.
Финалда Асан төрешілердің шешімімен 103.35 ұпай жинады. Осылайша алтыннан алқа тақты.
Оның командаласы Дінмұхаммед Райымқұлов 92.82 ұпаймен екінші орын алды. Ал үшінші орынды Беларусь өкілі Владислав Вазнюк (92.00) иеленді.
Бұған дейін Асылхан Асан фристайл-акробатикадан алтын медаль жеңіп алған болатын.
Соңғы жылдары Қазақстанда қысқы спорт түрлерінен фристайл-могул және фристайл-акробатиканың дамуы қарқын алып келеді. Оған басты дәдел ретінде спортшыларымыздың Әлем кубогы және қысқы Азия ойындары сияқты халықаралық ірі додаларда жеңіс тұғырынан көрінуін айтуға болады. Осыған орай, Kazinform тілшісі осы спорт түрінің еліміздегі өткені мен болашағы туралы талдап көрген еді.