Асылжан Арыстанбекова Түркиядағы турнирдің ширек финалына шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, 19 жастағы Асылжан Арыстанбекова Анталия (Түркия) ITF W15 ширек финалына жолдама алды.
Әлемнің 1293-ракеткасы А.Арыстанбекова алғашқы айналымда рейтингіде 1421-орында тұрған ирандық Мешкатолзахра Сафидың мысын басты.
Бірінші партия 6:3 есебімен Асылжанның есебіне жазылды. Екіншісінде ирандық спортшы есе қайырды — 6:4. Супер тай-брейкте қазақстандық теннисші жеңісті жұлып алды.
Бүгін А.Арыстанбекова әлемнің 1040-ракеткасы Анна Снигиревамен шеберлік байқасты. Бұл жолы Асылжан матч тағдырын екі сетте шешті — 7:5, 6:4.
Тағы бір қазақстандық, 18 жастағы Анастасия Крымкова алғашқы айналымда франциялық Эллис Рижеге жол берді — 2:6, 2:6.
Қазақстандықтар жұптық сында да өнер көрсетеді. А.Арыстанбекова Іңкәр Дүйсебаймен, А.Крымкова Ева Корышевамен бірге бақ сынайды.
Бұдан бұрын Асылжан мен Іңкәр Анталиядағы дәл осындай жарыста жеңімпаз атанған болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Қытайдағы әлемдік додада өнер көрсететінін жазған едік.