Асылжан Арыстанбекова Түркиядағы жарыстың жартылай финалында ойнайды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, 19 жастағы Асылжан Арыстанбекова Анталия (Түркия) ITF W15 турнирінің жартылай финалына шықты.
Әлемнің 1293-ракеткасы А.Арыстанбекова ширек финалда рейтингіде 1103-орындағы марокколық Диае Эль-Жардиге қарсы келді.
Қарсыласының рейтингіде жоғары тұрғанына қарамастан, Асылжан айқын басымдылық танытты. Тіпті бірінші партияда бірде-бір гейм берген жоқ — 6:0. Екінші сетте де қарқынын бәсеңдетпеді — 6:2.
А.Арыстанбекова финалға шығу үшін рейтингіде 1262-сатыдағы румыниялық, 16 жастағы Сара Виктория Баланмен таласады.
Асылжан отандасы Іңкәр Дүйсебаймен бірге жұптық сында да жартылай финалға шықты. Енді қазақстандық дуэт марокколық Диае Эль-Жарди — румыниялық Мария Сара Попаны жеңсе, финалға жолдама алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Асылжан Арыстанбекованың Түркиядағы турнирдің ширек финалына шыққанын жазған едік.