Асырап алған балаларын қорлаған шымкенттік емші ақыл-есі сау деген құжат өткізген

истязания детей Шымкент
Коллаж: DALL-E

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Оқу-ағарту министрлігі бала құқықтарын қорғау комитеті Шымкентте алты баланы жүйелі түрде қорлады деп айыпталған асырап алушы жөнінде пікір білдірді.

«Балаларды асырап алу мен қамқорлыққа беру кезінде үміткер психикалық ауруының жоқтығын растайтын қажетті құжаттар мен анықтамалар өткізген. Бұл отбасында алты бала болды, оның төртеуі қамқорлыққа берілсе, екеуі толық асырап алынған», — деп жауап берді ҚР Оқу-ағарту министрлігі бала құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Оның айтуынша, Қазақстанда бала құқығын қорғауды және білім беруді қамтамасыз ету мәселесі бойынша заң жобасы әзірленіп жатыр.

Оның шеңберінде қадағалау және қамқоршылық органдарын институционалдық күшейту қаралуда. 

Сондай-ақ, елімізде қамқоршылық органдарының 400 қызметкері жұмыс істейді, ал Шымкентте — 450 мың балаға бес қызметкерден ғана келеді. 

«Бұл мәселені шешу керек, балалар қамқорлыққа алынған әрбір отбасына үнемі баратын және баланың өмір сүру жағдайын бақылайтын қызметкер тағайындалуы керек. Қалған сұрақтар бойынша қылмыстық іс ақпаратын жария ете алмаймыз», — деп түсіндірді спикер.

Бұған дейін Шымкентте жергілікті емшінің 6 баланы қамқорлыққа алып, оларға ит пен мысықтың етін бергенін, мал бақтырып, үш жылдан бері азаптап келгенін жазған болатынбыз.

Ол қазір арнайы ауруханада жатыр.

Кейінірек емші туралы тың дерек шықты. Балалардың елдің бірнеше қаласынан асырап алынғаны белгілі болды.

Емші ісінен соң білім саласының бірқатар қызметкері жазаланды.

Асырап алынған балалардың арасында үш айлық егіз де бар.

Балалардың бірінің әжесі Өскеменде тұрады. Kazinform тілшісі 65 жастағы Наталья Устиновамен жолығып, жиен немересінің асырауға қалай берілгенін сұрап көрді.

Ал Шымкенттегі балалар үйінің басшысы емшіден қорлық көрген оқушы туралы айтып берді.

Бүгінде қоғамдық резонанс туғызған іс сотқа келіп түсті.

Бірер күн бұрын осы балаларға қамқорлық емес, қорлық көрсетті деп айыпталып жатқан емшінің ісін қарайтын судья белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар