Асқабақ - мың да бір дертке дауа

Биылғы қыстың алабөтен болуы соның айғағы іспеттес. Арқада ақпан айында күшіне мінетін ақырған аяздың орнына күннің күрт жылынуын, ал оңтүстік өңірде көк шығып, жеміс ағашының гүлдеуін қалай түсінуге болады? Ғалымдар мұны ғаламдық жылымықтың әсеріне балайды. Ал егер олай болса, өмірі суық болмаған, қыстың не екенін білмейтін елдерде аяқ астынан қар жауып, суық түсіп, кейбіреулердің үсіп өлгенін қайда қоясыз? Өзгені былай қойғанда қырбық қар ғана түсетін Қызылқұмда биыл қар мол. Бұрын болмаған жағдай. Бұл да табиғаттың бір әлі ашыла қоймаған жұмбағы болар. Әдетте, көктемді күту қысқы қалың киімнен құтылу ғана емес, күнгейден келер көкөністі, ерте пісетін жеміс-жидекті күту деген сөз. Қалт еткен сәтте базар жағалап «жаңалық» іздейтіндердің де қарасы молаяды бұл өліара сәтте. Алдымен шие, өрік, жазғы алма жетеді. Одан аздап дәм тартып жүргенде Шудың доп тәрізді дөңгелеген қызыл сары қауыны жетеді. Бәрінің де бағалары тым қымбат. Сенбі, жексенбіде базар аралап, қаз-қатар сөрелерде көздің жауын алып тұрған осы жеміс-жидекті амал жоқ қалтаңызды қағып, сатып алуға тырысасыз. Одан соң қаптаған қарбыз, артын ала қауынды саудалайсыз. Менің бір байқағаным, олардың арасында дүңкиген асқабақты сирек кездестіресіз. Сұрастырып жүріп, зорға табасыз. Жұртқа қарасаңыз, сөмкесіне салғаны қияр мен қызанақ, өрік пен алма, тағысын тағы дегендей. Ал арқалағандары қауын мен қарбыз, өз басым асқабақ алған жанды көрмеппін...
Ғаламтордан оның емдік қасиеті мол екендігін оқығанда санада балалық шақтың кейбір сәттері қылаң берген еді.
Жыл сайын ерте көктемде Көкмарданның етегіндегі канал маңына (ОҚО-дағы Отырар ауданындағы бөлімше аумағында) әкеміз бас болып жабыла жүріп қауын егетінбіз. Анам болса бір атыздың қаға беріс жиегіне үш-төрт жерге өзі асқабақтың дәнін отырғызатын. Қызықтап сұрастырғанымызда «емдік қасиеті мол мұның», - деуші еді. Мән бермеппіз. Тек білетініміз, суарсаң болды, сабақтары күн санап ұзарып, асқабағы да үлкейіп кейбірі жүк көліктерінің дөңгелегіндей дүңкиіп жататын. Анам күзге қарай үйдің бір шетіне жинатып алады. Өзі шыдамды, бір-екі жыл бойы бұзылмайды да. Кейбірі кәдімгі қабақ тәрізді, оның ішін ойса су құятын ыдысқа айналып шыға келеді әрі жеңіл. Ал дәнін жинап, кептіріп алады. Кейде көрші-қолаң келіп алып кетіп жатады. Бұған да мән бермеппіз. Енді бірауық бұл дақылдың тарихына оралсақ...
Асқабақ б.з.д. ІІІ ғасырда Мексикада, Перуде белгілі болып, 15 ғасырдың соңында Мысырға әкелінген деседі. Ал емдік қасиеттері Авиценаның, Мухаммед Хусейн Шеразидің жазбаларында ұшырасады. Бұл еңбектерде асқабақ дәнінің майы құлақ пен тамақ ауруына шипа екендігі, ыстығы көтерілген жандарға асқабақ тұндырмасының ем болатындығы жазылған. Бір қызығы, сол заманда көру қабілеті нашарлағандар, семіздіктен жапа шеккендер асқабақты пайдаланған көрінеді.
«Бұл - ықылым заманнан егіліп келе жатқан өсімдік. Антарктидадан басқа кез келген жерде өсе береді және айтарлықтай күтімді қажет етпейді. Сабағы жерге жатып, желі тартып өседі. Жапырағы ірі, гүлі сары, жемісі әр түрлі, орташа салмағы 4-8 келі, тіпті кейбірінің салмағы 800 келіге жетеді. Ғалымдардың болжамы бойынша, асқабақтың отаны - Африка. Шамамен 20 шақты сорты бар деп есептелінеді. Қазақ жерінде 13 түрі бар. Еліміздің барлық аймақтарында, әсіресе, оңтүстік өңірлерде көбірек өсіріледі. Тағамға, сондай-ақ мал азығына да пайдаланылады. Ежелгі Грек және Рим тұрғындары кепкен асқабақты сұйықтық құятын ыдыс ретінде қолданған. Сарғылт, жасыл, ақ, сары, қызыл және сұр түсті асқабақтар бар, деп жазады bilim-all.kz.
Құрамында жасанды талшық, ақуыздар, каротин, кальций, темір, магний, фосфор және A, B1, B2, PP және C дәрумендері, ағзадағы зат алмасу үдерісін жеделдететін Т және қанның ұюына ықпал ететін К дәрумендері, калий, кальций және темір бар. Минералды тұздар мен дәрумендерге бай асқабақтың дәндерінің құрамында ақуыздар, омега-3, қанықтырылмаған май қышқылдары, селен, магний, мырыш, С, В, тобының дәрумендері де жеткілікті.
Асқабақтан дайындалған пюре, самса, сүтке пісірілген асқабақ ботқасы, асқабақ мантысы, шикі асқабақ шырыны, асқабақ құймағы өте дәмді, әрі пайдалы. Асқабақ ішектің сауығуына көмектеседі. Асқабақ пюресінде көміртегі мен калория аз болғандықтан, оны қантты диабетке және семіздікке шалдыққандардың күнделікті дәміне қосып береді. Асқабақ дәні балмен араластырып жеп, ішек құрттарын түсіру үшін пайдаланылады. Бүйрек, бауыр ауырған кезінде, күніне 1 стақан шырынын ішу керек.
Ендеше, мың да бір ауруға дауа болатын асқабақтың қасиетін санамалап көрелік. Олар: көзі нашар көретіндерге; жүрегі әлсіздерге; асқазаны ауыратындарға; қан аздыққа (анемия); семіздікке; несеп айдауға; өт айдауға; бүйрекке; ағзаны шлактан тазартуға; ішек құртына; үгілген жұмсақ еті денедегі бөртпеге, безеуге, қабыну, күйік пен үсікке; паразиттерді жоюға көмектеседі. Мұнымен қатар, түрлі аурудан жүдеп, шаршағандарға қуат беретін бірден-бір пайдалы ас.
Сондай-ақ, дәні, сабағы, еті әйелдердің ағзасындағы емшек сүтін молайтатындығын, уытты қайтару, қабынуды жазатындығын, ауырғанды басатындығын да айта кеткен артықтық етпес. Ендеше бас ауырып, балтыр сыздағанда асқабақтың еміне жүгінген абзал болар.
Алда көктем. Енді бірер айдан соң оңтүстіктен бау-бақша өнімдері келе бастайды. Біздің айтар тілек, сіздің дастарханыңыздан сан түрлі дертке ем асқабақтың шырыны, қайнатпалары әрі одан жасалған дәмді тағамның ойып тұрып орын алуына қам жасаңыз. Бұдан ұтпасаңыз, ұтылмайсыз.
Ерлан Қожакелдиев