Асқар Ақаев Қырғызстан парламентінен экс-президент мәртебесін қайтаруды сұрады
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанның бұрынғы мемлекет басшысы Асқар Ақаев ел парламентіне экс-президент мәртебесін қайтаруды сұрап хат жолдады.
Жогорку Кенештің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталмыш хат 5 қыркүйек күні Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Конституциялық заңнама, мемлекеттік құрылым, сот-құқықтық мәселелер және регламент комитетіне келіп түскен.
Аталған комитет төрағасы, депутат Чолпон Сұлтанбекова бұл мәселе күн тәртібінде бірден қаралмайтынын атап өтті.
— Бұл мәселені қарау процедурасы өте ұзақ процесс. Мәселе бір күнде шешілмейді. Хат парламентке кеше түсті, мен оны бүгін таңертең ғана алдым. Сұрақ саяси. Жогорку Кенеш — алқалы орган. Күн тәртібіне енгізу немесе енгізбеу, сондай-ақ қарау тәртібінің басқа да нюанстары туралы шешім бірлесіп қабылданады, — деді депутат.
Естеріңізге сала кетейік, Асқар Ақаев 1990 жылдың 27 қазаны мен 2005 жылдың 11 сәуірі аралығында Қырғызстан президенті болды.
2005 жылғы «Қызғалдақ төңкерісінен» кейін ол Ресей Федерациясына кетті. Қазір сонда тұрады және ғылыми қызметпен айналысады.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Қырғызстан Бас прокуратурасы Асқар Ақаевқа қатысты қылмыстық істі тоқтатқан.
Оған «билікті немесе қызметтік бабын асыра пайдалануға қатысы бар», «Камеко» компаниясымен келісім жасау эпизодтарына немқұрайлылық танытты» деген айып тағылған болатын.