Асқар Мамин эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды
«Жалпы эпидемиологиялық жағдай жақсарып келеді. Барлық өңірлерде вирус жұқтыру деңгейі біршама азайды. Дегенмен, «Қызыл» аймақта Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары мен Қарағанды, Павлодар және Ақмола облыстары қалып отыр. Сондықтан эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстау, вакцинациялауды жалғастыру қажет», - деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысының дерегінше, қазіргі уақытта бірінші компонент 7,5 млн астам адамға, екінші компонент 6,4 млн. адамға салынды.
«Сонымен бірге тұмау мен басқа да респираторлық инфекциялар бойынша профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шара қолдану қажет. Тұмауға қарсы вакцинациялау үшін 2,5 млн доза вакцина әкелінді. Халықты тұмауға қарсы вакцинациялауды жандандырып, медицина ұйымдарының тұмау жұқтырған науқастарды қабылдауға әзірлігін қамтамасыз ету қажет», - деген Премьер-Министр жалпы бақылауды орынбасары Ералы Тоғжановқа жүктеді.