Асқар Шәкіров өнеркәсіптік қауіпсіздікке қатысты пікір білдірді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Сенатта өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету тақырыбындағы Үкімет сағатында Палата төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров кәсіпорындардағы негізгі мәселелерді айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Соңғы 5 жылда қадағаланатын субъектілер саны аз ғана өссе де өнеркәсіп кәсіпорындарындағы апаттар 30%-ға арта түскені және жағдайға талдау жасағанда өндірістерде техногендік авариялардың туындау қаупі бұрынғысынша жоғары деңгейде қалып отырғаны атап өтілді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін ашу, оның ішінде стратегиялық маңызды өндірістерді, негізгі экспорттық басымдықтарды айқындау, сондай-ақ өнеркәсіпті қолдау шараларын шынайы істермен толықтыру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Осыған байланысты ұйымдық мәдениеттің бір бөлігі саналатын өндірістегі қауіпсіздіктің жоғары мәдениетін қалыптастыру, қолдау және дамыту қажет деп санаймыз. Өйткені ол өндірістік және экономикалық мақсаттардан басым болып, барлық қызмет түрлерінің жалпыға бірдей және ажырамас бөлігі болуы тиіс», - деді Асқар Шәкіров.

Жақында Қарағанды облысының «Абай» шахтасында болған төтенше жағдай секілді қайғылы оқиғалардың қайталанбауы үшін өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы проблемаларды шешу аса маңызды.

Осы аймақтан сайланған сенатор Сергей Ершов қазір өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы жағдайды жақсартуға бағытталған заңнамалық бастамаларды қарау ең өткір мәселе деп санайды.

«Уәкілетті органға қауіпті өндіріс объектілерін жаңарту мен техникалық қайта жарақтандырудың бірлескен жоспарын жасау мен бекіту жөнінде тиісті міндеттерді бере отырып, қауіпті өндіріс объектілерін пайдаланатын ұйымдарға техникалық қайта жарақтандырудың бірлескен жоспарын орындау және бірінші басшыға тікелей бағынатын өндірістік жеке бақылау қызметін құруға қажетті шаралар қабылдау міндеттерін бекіту қажет», - деп атап өтті сенатор өз сөзінде.

Парламентшілер сонымен қатар өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы кадрлардың өткір тапшылығын, инспекторлар құрамының қысқаруын, сондай-ақ осы салада ғылыми-зерттеу қызметінің тиісті дәрежеде жүргізілмей келе жатқанын атап өтті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Төтенше жағдайлар министрі «Абай» шахтасындағы апатқа пікір білдірді.



Соңғы жаңалықтар