Асқар Жұмаділдаев: Вице-президент нақты бағыттарды өз мойнына алып, мемлекет басшысының жүгін жеңілдетеді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Ғалым-математик, мемлекет және қоғам қайраткері Асқар Жұмаділдаев Kazinform агенттігіне берген сұхбатында Құрылтайлардың маңызы, олардың мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлі және конституциялық реформалардың бағыттары туралы айтты.

Асқар Жұмаділдаев
Фото: qazscience.gov.kz

Оның сөзінше, Құрылтайларды өткізу дәстүрі тарихпен сабақтас, бұл жиындар қазақ мемлекеті үшін айрықша мәні бар киелі жерлерде ұйымдастырылады. Алғашқы отырыс Жошы хан өз мемлекетінің негізін қалаған Ұлытауда, екіншісі түркі әлемінің рухани орталығы — Түркістанда ұйымдастырылса, үшінші Құрылтай Алтын Орданың астанасы болған көне Сарайшық қалашығы орналасқан Атырау өңірінде өткізілді. Төртінші Құрылтай Абылай ханның ордасы тігілген Бурабайда өтті. Ал биылғы жиын қасиетті Қызылорда жерінде ұйымдастырылды.

Оның айтуына қарағанда, осы уақыт ішінде шамамен 30-ға жуық заңнамалық бастама көтеріліп, олардың бірқатары бүгінде нақты іске асқан.

Ғалымның пікірінше, Қызылордада өткен отырыста көтерілген конституциялық өзгерістерге қатысты ұсыныстар айрықша назар аударуға тұрарлық.

— Президент биліктің ішкі құрылымы мен қисыны үйлескен тұтас моделін ұсынды. Билік — Президент, Парламент және Министрлер кабинеті. Қазақстан федеративті мемлекет емес. Бұрыннан-ақ Сенаттың артық құрылым екенін айтып келемін. Бұл мәселені біз бұған дейін де талқылағанбыз, — деді Асқар Жұмаділдаев.

Сондай-ақ ол вице-президент институтын енгізу жөніндегі ұсынысқа тоқталып, бұл мәселеде тарихи тәжірибені еске салды.

— Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бізде вице-президент қызметі болған. Бұл лауазымды Ерик Мағзұмұлы Асанбаев атқарды (1991-1996 жылдары — авт.). Сол кезеңді жақсы білемін, ол кезде өзім депутат болдым. Ол Қазақстанның тәуелсіздігі туралы декларацияны әзірлеген комиссияны басқарды және ауқымды жұмыс атқарды. Біздің тәуелсіздігіміз дәл сол декларацияға қол қойылған сәттен бастау алады. Кейін бұл қызмет жойылды, алайда бүгінгі таңда Президентке артылатын жүк өте ауыр. Вице-президент жоғары саяси салмаққа ие бола отырып, нақты бағыттар мен жобаларға жауапты бола алар еді, — деп есептейді ғалым.

Ол сонымен бірге Мемлекет басшысы ұсынған жаңа орган — Халық кеңесін құру бастамасы туралы да айтты.

— Негізінде, бұл — Құрылтай мен Қазақстан халқы Ассамблеясының неғұрлым жүйеленген нұсқасы. Квоталардан бас тартып, жалпы негізде, оның ішінде партиялық тізімдер арқылы сайлауға көшу — орынды шешім. Сонымен қатар әйелдер мен жастардың қатысу мүмкіндігі сақталады. Жалпы алғанда, мемлекетті нығайтуға бағытталған жеткілікті теңгерімді құрылым қалыптасып келеді, — деді ол.

Асқар Жұмаділдаев болашақ бірпалаталы парламентті «Құрылтай» деп атау жөніндегі ұсынысқа қатысты да ойын айтып, бұл атаудың символдық әрі тарихи мәніне тоқталды.

— Бұл атаудың моңғол және қазақ тарихымен сабақтас тамыры бар. Бүгінде ол жаңа, жоғары саяси мәртебеге ие болып отыр. Менің ойымша, бұл — орынды әрі қисынды шешім, — деп түйіндеді ол.

Бұған дейін ғалымдар Құрылтай сөзінің түп-төркіні, қазақ мемлекетінің бастауында тұрған империялар мен мемлекеттердің саяси құрылымындағы орны туралы біршама мәнді сөз қозғады.

Ал саясаттанушы Қазақстанға вице-президент институты не үшін керек екенін түсіндірді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың V отырысында сөйлеген сөзінің толық мәтінін мына сілтемеден оқи аласыз.

Соңғы жаңалықтар