Асқазан аурулары тұқым қуалайды – гастроэнтеролог
АСТАНА. KAZINFORM – Асқазан-ішек жолы ауруларының алғашқы белгілерін дер кезінде анықтап, маманға қаралу аса маңызды. Бұл туралы гастроэнтеролог Индира Ержанова Jibek Joly телеарнасының Бүгін LIVE бағдарламасында айтты.
Индира Ержанованың сөзінше, қазіргі кезде асқазан-ішек жолының қабыну аурулары жиілеген. Әсіресе күз мезгілінде қабыну процесі күшейе түседі. Оның негізгі себебі – дұрыс тамақтанбау, зиянды әдеттер алкоголь ішу, темекі шегу оған қоса созылмалы күйзелісте әсер етеді. Сондай-ақ қабынуды инфекциялар, бактериялар, вирустар, аутоиммундық және тұқым қуалайтын факторлар қоздыруы мүмкін.
– Асқазан аурулары тұқым қуалауы мүмкін. Егер белгілі бір генетикалық бейімділік болса, бұл дерт қайталануы ықтимал. Сондықтан біз науқастан міндетті түрде ата-анасында асқазанға қатысты, әсіресе ісік ауруларының болған-болмағанын сұраймыз. Көп жағдайда панкреатит, өт-тас аурулары генетикалық тұрғыда беріледі. Сонымен қатар ішекке қатысты қабыну аурулары – мысалы, крон ауруы мен ішектің жаралы аурулары көбіне аутоиммундық, тұқым қуалайтын сырқаттар қатарына жатады, – деп түсіндірді гастроэнтеролог.
Сонымен қатар дәрігер мұндай жағдайда дұрыс және тәртіпті тамақтанудың маңызын атап өтті. Яғни, тамақтану белгілі бір интервалмен, бірдей уақыт аралығында болуы тиіс. Оған қоса тағам рационында көкөністер мен жемістерге бай талшықтар, ақуыз және пайдалы майлар жеткілікті болуы қажет. Ас қорыту жүйесі дұрыс жұмыс істеуі үшін осындай теңгерімді тамақтану маңызды. Бұл өз кезегінде көптеген аурулардың алдын алуға көмектеседі.
Маманның айтуынша, кофенің құрамындағы кофеин асқазан қышқылдығын арттырып, қыжылдау, қайта-қайта кекіру, іштің қызып ісіну сияқты жайсыздықтарға әкелуі мүмкін.
– Әр пациенттің ауру сезімталдығы әртүрлі. Алғашқы белгілердің бірі – эпигастр аймағындағы ауырсыну. Ауру сезімі оң немесе сол жақ қабырғаға берілуі, жүрек айну, құсу, қыжылдау, тамақты жұтынудың қиындауы байқалады. Сонымен қатар тәбеттің төмендеуі, іш қату немесе өтуі, салмақ жоғалту, әлсіздік сияқты белгілер пайда болса, міндетті түрде гастроэнтерологқа жүгіну қажет, – деді ол.
Бұған дейін елімізде қазір түрлі ашығу әдісін ұсынатын мамандар көп. Kazinform тілшісі гастроэнтеролог Сағындық Рысмағанбетовпен кездесіп, дұрыс жолын сұраған еді.