Әскер қатарына желтоқсан айында шақырылғандар Ұлттық ұлан сапында қызмет атқарады - Х. Зиннатуллин

АСТАНА. ҚазАқпарат - Күзгі әскерге шақыру науқанының аяқталуына санаулы күндер қалды.
None
None

Алматы қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы полковник Хамат Зиннатуллиннің айтуынша, осы күзде тұтастай алғанда сегіз жүзге жуық бозбаланы әскерге шақыру жоспарланған. Бұған дейін шақырылған жастар қазан айында Қарулы Күштер мен Мемлекеттік күзет қызметіне, қараша айында ҰҚК Шекара қызметіне жөнелтілген. Желтоқсанда шақырылушылар Ұлттық ұлан сапында қызмет атқаратын болады.

Бозбалалар қатаң іріктеуден өтеді. Бұл жерде олардың дене даярлығы мен білім деңгейі барынша сарапқа салынады. Шақыру комиссиясы әрбір шақырылушының ісін мұқият зерделейді. Олардың бәрі тиісті медициналық тексерістен, психологиялық және наркологиялық тестілеуден, әңгімелесуден өтеді.

«Жоғары және арнайы орта білім бар, қайратты және төзімді, психологиялық орнықты, сотталмаған шақырылушыларға айрықша назар аударылады. Қазақстан әскеріне денсаулығы мықты, білімді, сауатты сарбаздар керек», - дейді полковник.

Шақыру науқанын ұйымдастыру үшін барлық қажетті жағдайлар жасалады. Қалалық шақырылушыларды жинақтайтын жиын пункті жатын орындарымен жабдықталған, жастар үшін үш мезгіл ыстық тамақ ұйымдастырылған.

«Әскерге шақырылушылар бөлімдерге жүрер алдында әскери киім үлгісімен қамтамасыз етіледі. Бұл оларға азамат ретінде Конституциялық борыштарын орындау үшін болашақ Отан қорғаушы мәртебесін береді», - дейді Х.Зиннатуллин.

Естеріңізге сала кетейік, әскерге шақыру жылына екі рет - көктемде және күзде жүргізіледі. Шақыру науқанын жүргізу мерзімі «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңымен, Мемлекет басшысының сәйкес Жарлықтарымен реттеледі. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңының 27-бабының 3-тармағына сәйкес азаматтарды әскерге шақыруды жергілікті әскери басқару органдары арқылы жергілікті атқару органдары ұйымдастырады және қамтамасыз етеді.

Соңғы жаңалықтар