Әскерде сарбаздардан ақша жинау қашан тоқтайды – министрлік жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – Әскерде әлімжеттік мәселесімен қатар сарбаздардан ақша жинау проблемасы бар болып шықты. Мәселенің мән-жайын ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-майор Қуанышбек Үштаевтан сұрадық.

— Бұл бағытта бөлім командирлерімен тыңғылықты жұмыстар жүріп жатыр. Әрбір сарбаз тамақ, киіммен қамтылған. Бірақ, әскери бөлімдер аумағында дүкендер бар, ал балалар тәтті жегісі келеді, оның үстіне қазір ұялы телефон арқылы аударым түрлері жұмыс істейді. Бізде көп құқықбұзушылық болған жоқ. Енді бір-екі жағдай болды, яғни әке-шешесінен 2000-3000 теңге алып, өз қажетіне жаратқан, — деді Қуанышбек Үштаев орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Одан әрі Қорғаныс министрлігінің өкілі әскердегі әлімжеттік мәселесін қозғады.
— Бір, екі әлімжеттік оқиғалар болған шығар, бірақ жалпы қарулы күштерде әлімжеттік бар дегенге келіспеймін. Әскери қызметшілер 100 пайыз міндетінің 99 пайызын орындап отыр. Әлімжеттік жағдайы бойынша тиесілі жұмыстар жасаймыз, - - деп толықтырды бас штаб бастығы.
Айта кетсек, бір апта бұрын Сарыөзекте (Жетісу облысы) қатардағы жауынгер оқу-жаттығу кезінде мерт болды.
Еске сала кетейік, елімізде әскердегі өлімді тоқтату үшін заң жобасын әзірлемек.