Әскердегі тағы бір өлім: Сарыөзекте қатардағы жауынгер мерт болды
АСТАНА. KAZINFORM – Қатардағы жауынгердің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Ratel.kz хабарлайды.

– 2025 жылдың 14 қаңтарында сағат 12:30 шамасында № 12740 әскери бөлімнің (Сарыөзек) мерзімді әскери қызметшісі, қатардағы жауынгер Құрманбек Дастан Маратұлы (туған күні: 04.06.2006 ж.) АК-74 қаруымен жүрек тұсына оқ атты. Сарбаз сол жерде қайтыс болды. Ол 2024 жылдың 19 қазанында Түркістан облысы Мақтаарал ауданының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті арқылы әскерге алынған, - делінген хабарламада.
Кейін аталған агенттік Сарыөзек әскери гарнизонынан ресми түсініктеме алған.
– Даладағы жаттығу барысында мерзімді әскери қызметшінің атыс қаруын қолдану ережелерін бұзу салдарынан кеудесінен жарақат алғаны анықталды. Қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның себептері анықталуда, тергеу іс-шаралары жүргізілуде, құрлық әскерлерінің бас қолбасшысының басшылығымен арнайы комиссия тағайындалды. Құрлық әскерлерінің басшылығы қаза тапқан сарбаздың отбасына және жақындарына шын жүректен көңіл айтады, көмек көрсетілетін болады, - деп жазылған ақпаратта.
Kazinform агенттігі істің мән-жайын білу мақсатында Қорғаныс министрлігіне ресми сауал жолдады.
Айта кетсек, бұл әскердегі бірінші өлім емес, былтыр қарашада Ақтөбе облысында сарбаз өзіне қол салған еді.
Сонымен қатар ШҚО-да мерзімді қызметтегі әскери қызметші қаза болды.
Еске сала кетейік, 2022 жылы Мемлекет басшысы армияда өлім-жітімнің жиілеуіне байланысты комиссия құруды тапсырды.