Әскерден жалтарған жастардың бірде-біріне ірі көлемде айыппұл салынған емес - министрлік

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгінге дейін әскерден жалтарған жастардың бірде-біріне ірі көлемде айыппұл салынбады. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жауап берген Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Ғани Артықов мәлім етті.

«Әскери қызметке барудан жалтарып жүрген жастарға заң осыған дейін қатал болған. Ол бұрыннан бар еді. Егер әскерден жалтаратын болса 1 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру, болмаса 1000 айлық көрсеткіштен 3000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу заңмен қарастырылған. Бірақ, осы күнге дейін бірде-бір адам осындай ауыр жазаға ұшыраған жоқ, ірі көлемде айыппұл салынбады. Жастардың көбі заңдық тұрғыдағы жауапкершілік жайынан бейхабар. Әрине, оларды әскери пунктерге шақырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізгеннен кейін әскерге барып жатыр», - деді Ғани Артықов.

Оның айтуынша, жастар әскерден жалтармайды. Көбіне жоғары оқу орындарын аяқтаған соң әскерге шақырылуға жатататын азаматтар еліміздің өзге өңірлеріне жұмыс істеуге кетеді де, оларды табу қиынға соғады. Дегенмен, министрлік өкілі ведомство бұл мәселенің шешімін тапқанын мәлім етті.

«Оқуды аяқтаған жастардың қызмет бабымен жан-жаққа кетіп қалуы көп болып тұр. Бұл мәселені шешудің өте оңтайлы жолы табылды. Қазір жастарға бұрынғыдай тұрғылықты үйлеріне шақыру қағазын апарып, яғни қағаз жүзіндегі шақыру ұсынылмайды. Қазір оларды sms-хабарландыру арқылы шақырып жатырмыз. Осы арқылы бір жағынан бюджетімізді үнемдейтін болсақ, екінші жағынан жастарымыздың қайда жүргені туралы анық мәлімет алып отырмыз», - деп түйіндеді Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Ғани Артықов.

Еске салайық, Астана қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің мәліметінше, елордада 3 мыңға жуық азамат әскери міндетін орындаудан жалтарып жүр.


Соңғы жаңалықтар