Әскерге іріктеу процесі автоматтандырылады
АСТАНА.KAZINFORM — Қазақстан Қарулы күштерінде азаматтарды әскерге шақыру үдерісіне жасанды интеллект (ЖИ) енгізіліп жатыр. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі Ақпараттық технологиялар департаментінің бастығы Бекжан Мырзағалиев Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында мәлімдеді.

— Бұл жүйе тек жасанды интеллектіні енгізумен шектелмейді. Ол азаматтардың әскери есепке алынуынан бастап әскерге шақыруға дейінгі барлық процесті автоматтандыруды көздейді. Қазіргі уақытта ЖИ тестілеу кезеңінде тұр. Пилоттық жоба Абай облысында іске қосылады деп жоспарланып отыр. Біз қазіргі таңда азаматтарды іріктеуге қажетті мәліметтерді зерттеп жатырмыз. Іріктеу барысында бірінші кезекте білім деңгейі, мамандығы, спорттық қабілеті мен разрядтары секілді деректер ескеріледі. Мұндай ақпараттардың негізінде әскерге шақырылатын азаматтарды ЖИ арқылы іріктеу жүргізіледі. Бұл жоба сарбаздарды Қарулы Күштердің түрлі салалары бойынша тиімді бөлуге сеп болады, — деді ведомство өкілі.
Сонымен қатар Бекжан Мырзағалиевтің айтуынша, қазіргі таңда Қорғаныс министрлігі 25-тен астам мемлекеттік органмен біріктірілген. Бұл интеграциялар арқылы азаматтардың денсаулығы, медициналық есепте тұруы сияқты маңызды мәліметтер алдын ала сарапталып, іріктеледі.
Бағдарлама барысында азаматтардың психикалық денсаулығы, атап айтқанда депрессияға бейімділігі қалай анықталатыны туралы сұраққа да жауап берілді.
— Қазіргі уақытта бұл мәселе арнайы тестілеу арқылы анықталады. Бұл бағытта жасанды интеллект қолданылмайды, — деп нақтылады департамент басшысы.
Сондай-ақ, азаматтардың жеке деректерінің қауіпсіздігі туралы да сөз болды.
— Қорғаныс министрлігі — мемлекеттік орган. Сондықтан деректердің қауіпсіздігіне жауап беретін арнайы бөлімшелер жұмыс істейді. Деректер қатаң түрде қорғалады және сыртқа таралмайды, — деді Бекжан Мырзағалиев.
Бұған дейін, Қорғаныс министрлігінің қарамағына кіретін техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламалары іске асырылатын бес колледжге құжат қабылдап жатқанын жазғанбыз.