Әскери бөлім командирлері 10 күн бойы емтихандар тапсырады

АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстан Қарулы Күштерінің Құрлық әскерлерінде командирлік дайындық бойынша офицерлер жиыны басталды. Оған әскер түріне қарасты бөлімдер мен құрамалардың командирлері тартылған. ҚР ҚМ баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, жиынды өткізу орны ретінде Астана қаласы мен Құрлық әскерлерінің оқу орталығы орналасқан Гвардейск гарнизоны белгіленіп отыр.
None
None

Әскери бөлім командирлері 10 күн бойы әскерлерді қолдану мәселелері, жауынгерлік әзірлікті ұйымдастыру және басқа да тақырыптар бойынша сынақтар мен емтихандар тапсырады.

Бұған дейін командирлік дайындықтар бөлімдер орналасқан жерлерде ғана өткізілетін. Биыл екінші жыл бұл секілді жиындар курстық дайындық әдісімен белгіленген жиын бекеттеріне шығу арқылы өткізіліп келеді.

Командирлерді жаңа әдіспен тестілеу идеясының авторы Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-лейтенант Мұрат Майкеев командирлік дайындық бойынша осындай тәсілмен сынақтар өткізу өте тиімді дейді. Себебі олардың білімі мен білігін жоғары тұрған штаб офицерлері бағалайды. Сол себепті де командирлер сынаққа өте мұқият дайындалып келеді. Бұл тәсіл олардың кәсіби деңгейін мейлінше дұрыс бағалауды қамтамасыз ететін болады.

Құрлық әскерлері бас қолбасшысының басқармасындағылар жиын барысында командирлер тәжірибе алмасып, жауынгерлік дайындық пен бөлімнің күнделікті қызметін ұйымдастырудағы әдіс-тәсілдерін өзара бөлісетін болады дейді. Сонымен қатар, сынақтарды тікелей қадағалау арқылы әскер түрінің бас қолбасшысы бағынысындағы командирлердің кәсіби өсу қарқынын бақылауға мүмкіндік алады.

Соңғы жаңалықтар