Әскери бөлімдегі өртке байланысты лауазымды тұлғалар жазаланатын болды

«2016 жылдың 6 қазанында 68665 әскери бөлімінің жабық тирінде АК-74 автоматынан оқ ату бойынша практикалық сабақ өткізу кезінде тир ғимаратында өрт шықты. Өрттің жалпы ауданы 300 шаршы метрді құрады. Мерт болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Материалдық шығынның көлемі анықталып жатыр»,-деп жауап берді министрліктің баспасөз қызметі.
Осы оқиғаға байланысты құқық қорғау органдары мен Қорғаныс министрлігінің жауапты қызметкерлері тергеу жүргізіп жатыр.
«Қазіргі уақытта құқық қорғау органдарымен тергеу жүргізіліп, өрттің шығу себебі анықталуда. Тергеу қорытындысы бойынша өрт қауіпсіздігін бұзуға жол берген лауазымды адамдар жауапқа тартылатын болады», - деп хабарлады дереккөзі.
Естеріңізге сала кетейік, 11 күн бұрын, яғни 6 қазанда ҚР Қорғаныс министрлігінің 68665 әскери бөлімінде (Аэроұтқыр әскерінің 36-шы десанттық-шабуылдау бригадасы) үлкен өрт шыққан. Астана қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, таңғы сағат 10:00 шамасында басталған өртті арада үш сағат өткен соң ауыздықталған.