15:52, 05 Мамыр 2009 | GMT +5
Әскери кафедра басшысы II дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталды
АСТАНА. Мамырдың 5-сі. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы әскери кафедраның сарбаздар алаңында Отан қорғаушы күні мен Ұлы Жеңіс күні мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жиын барысында соғыс ардагерлері мен еліміздің қорғаныс саласының қызметкерлері сөз сөйлеп, жас сарбаздарға бүгінгі ұрпаққа үлгі болатын сұрапыл соғыс жылдарындағы қазақстандық жауынгерлердің ерліктері мен батырлық істері жайында айтты. Іс-шара аясында университет басшылығы жиналған қауымды алдағы мереке күндерімен құттықтады. «Елімізде Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс мерекесінің тұспа-тұс келуінің өзіндік маңызы бар. Қан майданда ерлікпен шайқасқан біздің жерлестеріміз бүгінгі еліміздің тәуелсіздігін тәу етіп қана қоймай, бүгінгі жас ұрпақ ? Отан қорғаушыларына ерлік пен батырлықтың өшпес өнегесін қалдырды. Сондықтан осы күнде Ұлы Жеңістің тағылымына үңіліп, майданда жандарын пида еткен жауынгерлерді еске алу ? біздің борышымыз әрі мәңгілік міндетіміз. Мерекелеріңіз құтты болсын, ардақты ардагерлер!», - деді өз сөзінде Еуразия ұлттық университетінің ректоры Б.Әбдірайымов. Іс-шара барысында соғыс ардагерлеріне қошемет көрсетіліп, еліміздің жас Отан қорғаушыларын даярлап жатқан университеттің әскери кафедрасының басшысы, капитан Сансызбай Байғазинге II дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалі тапсырылды.