Әскери қызметші Республика күніне орай 600 шақырым жүгіріп, рекорд жаңартпақ

АСТАНА. KAZINFORM — Астанадағы аумақтық қорғаныс бригадасы бөлімшесінің командирі 3-сыныпты сержант Рауан Әбілханов Астана — Көкшетау — Астана бағыты бойынша ара қашықтығы 600 шақырым болатын бірегей спорттық сынаққа — супермарафонға дайындалып жатыр. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігі хабарлады. 

Әскери қызметші Республика күніне орай 600 шақырым жүгіріп, рекорд жаңартпақ
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Ол бұл бастамасын ұлттық мереке — Республика күніне арнап, жүгіруді 25 қыркүйекте бастауды жоспарлап отыр. Әскери қызметші осы мақсаты арқылы қазақстандық ультрамарафондардың барлық алдыңғы рекордтарын жаңартпақ.

— Рауан Әбілхановтың бастамасы Қазақстан Республикасы Қарулы күштері мен Астана қаласы әкімдігінің әскери қызметшілері тарапынан қолдау тапты. Сержант Әбілхановтың жүгіруде рекорд жасаудан тәжірибесі бар. Ол 2022 жылы Алматы облысындағы «Әли» оқу-жаттығу орталығынан Шелек ауылы бағыты бойынша 48 сағат ішінде 350 шақырымды жүргіріп өтіп, Қазақстанның рекордтар кітабына енді, — делінген ақпаратта.

42 жастағы спортшы 15 жылдан астам жеңіл атлетикамен айналысады. Алматыда және әскери қызметшілер арасында марафондардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Алдағы марафоннан өзге оның жоспарында 10 күнде 1000 шақырым жүгіру — жаңа жобасы да бар.

Айта кетейік, бұған дейін Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшісі 80 шақырым марафон жүгіргенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар