Әскери колледжді үздік аяқтағандар жоғары әскери оқу орындарына бірден екінші курсқа қабылданады

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласы Әскери колледжінің бастығы, полковник Ғазиз Түлеушев биылғы оқуға қабылдау тәртібі мен үздік түлектерге қандай мүмкіндіктер берілетінін түсіндірді.

СЦК
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

«Астана қаласындағы Әскери колледжге оқуға 15 жасқа толған, бірақ 17 жастан аспаған, 9-сыныпты аяқтаған жасөспірімдер қабылданады. Оқу мерзімі 2 жыл 10 айды құрайды. Кәсіпқой сержанттарды даярлау ҚР Қарулы Күштері үшін талап етілетін үш мамандық, төрт біліктілік бойынша жүзеге асырылады. Атап айтқанда, байланыс, радиоэлектроника және коммуникация құралдарының технигі, қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалану және жөндеу жөніндегі технигі, инженерлік-саперлік бөлімшелерді басқару, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс әскерлерінің бөлімшелерін басқару мамандықтары бойынша», - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оқуды бітірген азаматтар «кіші сержант» әскери атағын, сонымен бірге «В» және «С1» санатындағы жүргізушілерді даярлау курстарын аяқтағаны туралы куәлік алады және әскери бөлімдерге 100% жұмысқа орналасады.

«Әскери колледжде оқуды үздік аяқтаған азаматтар жоғары әскери оқу орындарына бірден екінші курсқа түсуге құқылы және қысқартылған оқу бағдарламасы бойынша оқуын жалғастырады. Колледжден кейін әскери институттарға түсетін азаматтар колледжде өткізілетін рейтингтік іріктеу нәтижелері бойынша ҰБТ тапсырмай қабылданады», - деп түсіндірді колледж бастығы.

Сондай-ақ, биыл Щучинск қаласындағы әскери колледжге 9 және 11 сыныптарды бітіргендерді қабылдау жүргізіледі. Бұрын қабылдау тек 11 сыныптан кейін жүргізілген. Оған 280 адамды оқуға қабылдау жоспарланып отыр. 

Бұған дейін спикер Қазақстандағы әскери оқу орындарына құжат қабылдау мерзімі ұзартылғаны хабарланған еді.

Соңғы жаңалықтар