«Әскери құрылыс» АҚ экс-вице-президенті сотталды
АСТАНА. KAZINFORM – Әскери соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы «Әскери құрылыс» АҚ әскерлерді кварталдау бас басқармасының лауазымды тұлғаларына, авторлық, техникалық қадағалау өкілдеріне және басқа да тұлғаларға қатысты үкімді жариялады.
Бұл туралы журналистерге арналған брифингіде Антикордың ресми өкілі Данияр Биғайдаров хабарлады.
«Алматы облысы Сарыөзек гарнизонының әскери қалашығындағы кәріз-тазарту құрылыстарын күрделі жөндеуге бөлінген 491,6 млн теңге жымқырғаны үшін «Әскери құрылыс» АҚ экс-вице-президенті А. Темірбаев, учаске бастығы Т. Кабултаев, компания басшысы Е. Ибрагимова, Авторлық және техникалық қадағалау өкілдері А. Дощанов және Д. Шайпранов, қосалқы мердігерлік ұйымның басшысы Ғ. Газезов және оның сенімді өкілі А. Омаров кінәлі деп танылды», - деді Данияр Биғайдаров.
Оның айтуынша, кінәлілердің мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік сатып алуға байланысты қызметпен айналысуға 7 жыл мерзімге тыйым салынып, 7 жылға бас бостандығынан айырылған.
Ал, ӘЖББ бастығының бірінші орынбасары Б. Әбдірахманов, күрделі құрылыс басқармасының бастығы Қ. Онлабаев және сол басқарманың офицері Б. Лесбаев немқұрайлық танытқаны үшін кінәлі деп танылып отыр.
Үкім заңды күшіне енді.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін «Әскери құрылыс» АҚ президенті сотталған болатын.