Әскери парад бойынша алға қойған мақсат орындалды — Мереке Көшекбаев

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін әскери парадты басқарған ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-мойор Мереке Көшекбаев әскери шеру жоспардағыдай өткенін айтты.

Мереке Көшекбаев
Фото: Ақорда

— Осы күнге дейін тиянақты оқу-жаттығу болғанын білесіздер. Жеке өзім өте жақсы деп бағалаймын… Барлығы жоспардағыдай жүзеге асты. Алға қойған мақсат орындалды деп есептеймін. Сонымен қатар, халық та өзінің бағасын бере жатар. Атап айтқанда, әскери тәртіп пен жоспар бойынша бәрі ойдағыдай өтті, — деді М. Көшекбаев әскери парадтан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысының пайымынша, осы әскери ауқымды іс-шаралар жас өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, патриоттық сезімге оң әсерін тигізеді.  Сонымен қатар ол елордадағы әскери шеруге жұмылдырылған жауынгерлер бүгіннен бастап өңірлердегі бөлімшелеріне қарай бағыт алатынын айтты.

Бұдан бұрын хабарланғандай, елордадағы «Қазақ Елі» алаңында Мемлекет басшысы — Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад өтті. 

Бүгінгі әскери шеру мазмұндық тұрғыдан екі бөліктен тұрды, яғни тарихи және заманауи бағыттарды қамтыды.

Соңғы жаңалықтар