Әскери парад: Кезек ІІМ-нің элиталық жедел жасағына жетті
АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрлігінің жедел ден қоюға арналған жасағы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадтың айбынын асыруға шықты.

Былайғы жұрт бұларды орысшадан қысқартып «СОБР» деп атайды. ІІМ-нің арнайы мақсаттағы бөлімшелерін отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын элиталық жасақ десе жарасады. Аса күрделі тапсырмаларды орындауға машықтанған бұл әскерилер экстремистік, террористік көріністерге қарсы әрекет етіп, тосқауыл қоюға міндеттелген. Мәдени-бұқаралық және ауқымды арнайы іс-шараларда бұлар да тәртіпті қадағалайды. Бұл топты ІІМ арнайы және жұмылдыру дайындығы департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Сабыр Жүсіпбеков бастап өтті.

Айта кету керек, бүгінгі әскери шеруге 4 мыңнан астам әскери қызметші, 200-ден астам әскери техника, 66 ұшу аппараты тартылған.
Сондай-ақ, парадта биыл сатып алған су жаңа Airbus А-400 әскери-көлік ұшағы алғаш рет қатысып отыр. Армиялық Ми-17, Ми-171Ш, Ми-35 және көліктік С-295, Ту-154М, Л-410 ұшақтары, Су-30СМ, Су-25 жойғыш ұшақтары, Л-39 оқу-жауынгерлік ұшағының экипаждары шерудің айбынына әуеден айбын қосты.