Әскери парад өтетін күні Астанада 3 мың полицей қауіпсіздікті қамтамасыз етеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 7 мамыр Отан қорғаушылар күнінде бірқатар көшелерде қозғалыс шектеледі. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында Астана қаласы Ішкі істер департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бақытжан Малыбаев мәлім етті.

Әскери парад өтетін күні Астанада 3 мың полицей қауіпсіздікті қамтамасыз етеді

«Әскери парад өтетін 7 мамырда сағат 6:00-ден 14:00-ге дейін Б. Момышұлы даңғылы мен Ш. Қалдаяқов көшесі аралығындағы Тәуелсіздік даңғылы бойында, сондай-ақ Ш. Қалдаяқов көшесі М-3 көпірі жол айрығынан Обаған көшесіне дейін, Р. Қошқарбаев көшесінің Б. Момышұлы даңғылынан Сарыкөл көшесіне дейінгі жол аралығында көлік қозғалысы шектеледі»,-деді ол.

Осы орайда ол қала тұрғындарын мереке күндерінде аталған көшелерден айналып өтуге шақырды.

«Әскери парад күнінде Астанада 3 мыңға жуық жеке құрамның қызметкерлері жұмылдырылады. Сонымен қатар елорданың Ішкі істер департаментінің 180 техникасы тартылады»,-деді Б. Малыбаев.