Әскери парад: Тәуелсіз Қазақстан армиясының бүгінгі күш айбыны көрсетіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгінгі әскери шеру мазмұндық тұрғыдан екі бөліктен тұрады, яғни тарихи және заманауи бағыттарды қамтиды.

Тарихи бөлігінде Жеңістің 80 жылдығында аға буын батырларымыздың ерлігіне құрмет көрсетіледі. Заманауи бөлігінде Тәуелсіз Қазақстан армиясының бүгінгі күш айбыны көрсетіледі. Салтанатты іс-шараға Қазақстан Қарулы күштерінің барлық түрлерінен 4 000-нан астам әскери қызметші, 200-ден астам әскери техника мен қару-жарақ, сондай-ақ майдандық, армиялық және әскери-көліктік авиацияның 66 ұшағы мен тікұшағы жұмылдырылып отыр. Оның ішінде бұған дейінгі парадтарда болмаған зенитті зымыран кешендері, роботтың көмегімен жүретін су жаңа әскери техниканы тамашалау мүмкіндігі болады.

Әскери парадты ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-мойор Мереке Көшекбаев басқарады.


Парад кезінде алаңға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің тобы Мемлекеттік Туды алып келді. Туды Мемлекеттік күзет қызметінің құрмет қарауыл ротасы бөлімшесінің командирі сержант Асхат Мақсатұлы салтанатты ұстап келеді. Топ бастығы — Мемлекеттік күзет қызметі «Айбын» президенттік полкі құрмет қарауыл ротасының бастығы подполковник Қайрат Молдабаев.


Айта кетейік, Мемлекеттік Тумен бірге алаңда Жеңіс Туы желбірейді. Бұл осыдан 80 жыл бұрын әйгілі отандасымыз Рақымжан Қошқарбаев пен оның майдандасы Григорий Булатов Рейхстагқа тіккен тудың көшірмесі.
Еске салсақ, 2024 жылы қарашада Мереке Көшекбаев ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы лауазымына тағайындалды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, елордадағы «Қазақ Елі» алаңында Мемлекет басшысы — Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад басталды.
Осыған дейін ҚР Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи музейінде 1945 жылдың мамырында Рейхстагқа тігілген Жеңіс туының көшірмесі сақтаулы тұрғанын жазған едік.