Әскери шеру: Бірқатар генерал парад топтарын бастап шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеру кезінде беделді офицерлер парад топтарын бастап шықты.

Военный парад в Астане: в честь 80-летия Победы по площади «Қазақ елі» шагают генералы
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Парад легінің алдында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы желбіреп келеді. Мемлекетіміздің егемендігі мен біртұстастығының басты рәміздерінің бірі. Тәуелсіздігіміз бен елдігіміздің негізгі құндылығы саналатын Көк Туымыз бүгінгі парадты бастап отыр. 

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев
Фото: Ақорда

Одан соң салтанатты шеру легтерінің алдында Жеңіс Туы желбіреді. Жеңіс Туы — ар-намыс пен даңқтың символы, алдыңғы буынның жанқиярлық ерлігі мен жанкешті еңбегінің нышаны, сұрапыл соғыстың аяқталғанының ең басты белгісі.

Сонымен, елордада басталған әскери шеруді Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы елордалық әскери колледждің барабаншы кадеттер ротасы бастады. Қарулы күштердің кіші командалық құрамының кадрларын даярлайтын колледжде кадеттер мен ұландар әскери салада техникалық-кәсіптік білім алады. Қазіргі уақытта колледжде 341 кадет пен ұлан оқып жүр. Барабаншылардың салтанатты есептобын Орталық әскери оркестр офицері аға лейтенант Рүстем Рақышев бастап келеді.

әскери парад
Фото: Kazinform

Шерудің Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған тарихи бөлімінде «Шпагин» және «Максим» пулемёттерімен қаруланған жауынгерлер шықты. Соғыс жылдарында жауынгерлер қолындағы негізгі қару осы болатын. 

Кезекті қатарда Құрлық әскерлері бас қолбасшысы басқарма офицерлері салтанатты шерумен өтті. Парадтық есептопты Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары, II — дәрежелі «Даңқ» орденінің және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалінің иегері генерал-майор Қуанышбек Үштаев бастады.

Сонымен қатар, көрермендер алдында Отанымыздың әуе шебін қорғаушылар сап түзеді. Қазіргі кезде Әуе қорғанысы күштері кез келген қиындық деңгейіндегі міндеттерді шешуге қабілетті және практикалық сабақтар мен тактикалық жаттығуларда өзінің жоғары шеберлігін растайтын Қарулы күштердің ең мобильді және техникалық жабдықталған түрі саналады. Парадтық топты Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалінің иегері генерал-майор Қайрат Даутов бастап келді.

Мұнымен қоса, шеру барысында Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің парадтық есептобы сап түзеп өтті. Пада легін Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, II дәрежелі «Айбын» және «Даңқ» ордендерінің иегері генерал-майор Серік Борамбаев бастады.

Военно-морские силы
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Шеруді Арнайы операциялар күштерінің парадтық қатары жалғастырды. Бұл құрылым төтенше жағдайлардағы күрделі тапсырмаларды орындау үшін құрылған. Әрбір жауынгер кез келген тапсырманы тез, ірі уақтылы орындауға дайын. Салтанатты есептопты Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы II дәрежелі «Айбын» орденінің иегері полковник Айдос Мырзахметов бастап келді.

Салтанатты шеру кезінде алаңға Десанттық-шабуылдау әскерлерінің парадтық тобы шықты. Олардың әрқайсысы ең қатал дайындықтан өткен және кез келген төтенше жағдайда әрекет етуге дайын. Топты Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы, II дәрежелі «Айбын» және «Даңқ» ордендерінің иегері, генерал-майор Алмаз Жұмакеев бастады.

Тоқаев парадқа қатысқан әскери қолбасшылармен суретке түсті
Фото: Ақорда

Бұдан бұрын хабарланғандай, елордадағы «Қазақ Елі» алаңында Мемлекет басшысы — Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад өтіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар