Әскери-теңіз күштері Каспийді бейбітшілік теңізіне айналдыруға қызмет етеді - контр-адмирал Ж. Жанұзақов

АСТАНА. 7 мамыр. ҚазАқпарат  - Бүгін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 20 жыл. Қазақстанның тұтастығын, елдің егемендігі мен республика тыныштығын қамтамсыз етудегі Қарулы Күштердің алар орны ерекше. Сондықтан да Қарулы Күштер Тәуелсіз Қазақстанның қол жеткізген ұланғайыр табыстарының бірегейі екендігі еш шүбәсіз.
None
None

Ал Қарулы Күштердің қатарында Қазақстанның ерекше табыстары ретінде тұңғыш рет өз тарихында Әскери-теңіз күштерін құруын атасақ та болады. Осындай мерейлі мерекеге орай ҚазАқпарат тілшісі ҚР Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, контр-адмирал Жандарбек Сәдуұлы Жанұзақовпен сұхбаттасқан еді .

- Жандарбек Сәдуұлы, Қазақстанның әскери-теңіз күштерінің құрылу тарихынан әңгімелесеңіз. Бүгінгі таңда Тәуелсіз Қазақстанның әскери флотының деңгейі қандай?

- Ең алдымен, жалпы мемлекетіміз секілді еліміздің Қарулы Күштері де тәуелсіздік жылдары қарышты қадам жасап, биік асуларды бағындырғанын атап өткім келеді. Оның ішінде Қарулы Күштердің техникалық жарақтануы, кадрлар даярлау мәселесі бөлім мен бөлімшелердің жинақылығы жоғары деңгейде деп айтуға болады. Сонымен бірге, еліміздің қорғаныс әлеуетінің нығаюымен қатар, шынымен де Қазақстан үшін жаңа әскери күштің қалыптасып келе жатқанын ерекше айтуымыз керек, бұл - Әскери-теңіз күштері. Қазақстанның Әскери-теңіз күштерінің тарихы негізінен 1993 жылдың 2 сәуірінен бастау алады. Дәл осы күні Мемлекет басшысының Әскери-теңіз күштерін құру туралы Жарлығы шыққан болатын. Бұдан әрі 2003 жылы 7 мамырда Қазақстан Қарулы Күштерінің құрамында Құрлық әскерлері, Әуе қорғаныс күштері мен Әскери-теңіз күштері құрылды. Жалпы Әскери-теңіз күштерінің құрылуына ең алдымен Қазақстан Президенті, Жоғарғы Бас Қолбасшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарапынан  ерекше назар аударылып келеді.

Өткен  20 жыл ішінде барлық деңгейде ауқымды шаралар атқарылды. Ескере кететін жайт, егер құрлық әскерлері мен әуе қорғаныс күштері бұған дейін де қалыптасқан Орталық Азиялық әскери округының базасында құрылса, Әскери-теңіз күштері Кеңес Одағы тұсында Қазақстанда болмаған еді. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыстардың бәрін басынан бастауға тура келді. Бірінші кезекте Кеңес Одағының Әскери-теңіз күштерінде қызмет еткен, әскери-теңіз күштері әскери білім мекемелерін аяқтаған офицерлерді бір жерге топтастырып алдық.  Сосын Қорғаныс министрлігі Орталық аппараты жанында арнайы бөлімше ашылды, кейіннен Ақтауда әскери-теңіз базасы жасақталды.

Бұдан кейін Әскери-теңіз күштерін жаңғырту үшін арнайы техникалыр, оның ішінде теңіз катерлері мен әскери кемелер алынды. Бұнымен қоса, Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара әскерінің құрамдасы ретінде теңіздегі шекара қызметі де қатар дамып отырды.

Жалпы әскери-теңіз күштерін қалыптастыру жоспарлы түрде бір уақытта және бірнеше бағытты қамти отырып  жүргізілгенін еске салғым келеді. Біріншіден  - бұл кадрлар даярлау. Өйткені кадр болмаса флоттың да болмайтыны түсінікті. Қазіргі таңда кадрлар даярлау халықаралық келісімшарттар негізінде Ресей, Түркия, Германия, Қытай, Оңтүстік Корея, Пәкістан, АҚШ секілді мемлекеттердің әскери-теңіз күштері білім мекемелерінің базасында жүзеге асып жатыр. Онда да бұған дейін тек офицер мамандарын  даярлау туралы әңгіме болған болса, қазіргі уақытта жоғары оқу орнынан кейінгі дайындықтар да енгізілген, яғни офицерлер академиялық білім алып, біліктілігін жетілдіретін мүмкіндікке ие.

Әскери-теңіз күштерін дамытудың екінші бағыты - бұл заманауи техникамен және қару-жарақпен жарақтану. Әрине, қарулану туралы әңгімеде ең алдымен әскери кеменің құрамдастары туралы сөз болып отыр. Сондықтан да, ауқымды әскери кеме құрылысына қатысты бағдарламаны әзірлеу және оны жүзеге асыру туралы дұрыс шешім қабылданды. Қазақстанның өзінің кеме құрылысын ұйымдастыру мақсатында отандық кәсіпорындардың мүмкіндіктері сараланды. Нәтижесінде Оралдағы «Зенит» зауыты таңдап алынды. Кеңес Одағында бұл зауыт әскери-теңіз бағытындағы өнімдерді шығарумен айналысқан еді. Оның үстіне зауыттың Каспий теңізіне шығатын жолы бар Жайық теңізіне жақынырақ орналасуы да маңызды рөл ойнады. Сонымен бұл бағдарлама табысты жүзеге асып жатыр және соған қарап Қазақстанның да кеме шығаратын мемлекетке айналғанын көруге болады.

Зауыт қазірдің өзінде 17 бірлік әртүрлі кластағы кемелер мен катерлерді құрастырып, әскери-теңіз күштеріне де беріп үлгерді. Міне, жақында ғана біз үшін көптен күткен қуанышты оқиға орын алды. 25 сәуірде Қазақстанның тұңғыш зымырандық-артиллериялық кемесі суға түсірілді. Бұның өзі біздің отандық әскери-өнеркәсіп кешенінің аса маңызды әрі үлкен оқиғасы болып табылады. Бұл жаңа әскери кеме оның алдындағылардан сыйымдылығы (250 тонна) жағынан да, қарулануы жағынан да мүлдем өзгеше. Әскери кеме зымырандық жүйемен жабдықталған, двигательдері де заманауи, бірауыз сөзбен айтқанда ол навигация мен байланыстың барлық заманауи құралдарымен жарақталды.

Бұдан бөлек, жалпылама әскери-теңіз күштерін дамыту бағдарламасы әзірленіп, жүзеге аса бастады. Былтырдан бері Ақтау қаласында әскери-теңіз базасы қалыптасқан болатын. Бұл республикамыздың әскери-теңіз күштерін  материалдық-техникалық және қару-жарақпен қамтамасыз етудегі басты бөлімшелерінің бірі болып табылады. Ал ағымдағы жылы Каспий теңізінің қазақстандық секторының тұтастай суасты және суүсті бөлігіне бақылау жүйесін құруды қамтамасыз ететін бағдарлама жүзеге аса бастайды. Сондай-ақ, жақын келешекте Әскери-теңіз күштерінің жағалау зымырандық қызметін  құру туралы мәселе қаралмақ.

- Мерзімдік және келісімшарттық қызмет бойынша әскери теңізшілерді даярлау туралы айтып берсеңіз?

- Ақтау қаласында орналасқан теңіз-жаяу әскерлерінің бригадасы баяғыдан бар. Кіші командалық құрамды даярлау үшін осы қалада арнайы орталық құрылған болатын. Сол орталық мерзімді және келісімшарттық қызмет бойынша әскери-теңіз күштеріне қызметшілер даярлаудан бөлек, тұтастай батыс өңірі үшін жедел ден қою резервін даярлаумен айналысады. Әскер қатарында қызмет етпеген 28 жастан асқан азаматтық тұлғалар  осы орталықта айлық әскери даярлықтан өтеді. Ағымдағы жылдың өзінде 140 адам осындай даярлықтан өтті, олар тактиканы, жарғыны зерделеді, саптық және химиялық даярлықтан өтті.

- Әскери-теңіз күштерінің әскери дайындық жаттығулары қалай жүзеге асады?

- Бұл жоспарлы жұмыс және өте жіті атқарылады. 2011 жылы біздің теңізге шығуымыз 120 тәулікті құрады. Яғни, әрбір үшінші күні теңізде бір әскери кемеден болды. Бұл да әрине ең алдымен отын және басқа да ресурстар қорының болуына орай жүзеге асты. Бүгінгі күні біздің барлық экипажымыз өздерінің алдында тұрған міндеттерді толық орындауға даяр.

Өткен жылдың ең ірі оқиғаларының бірі - бұл ҰҚШҰ аясында өткен оқу-жаттығу. Жалпы біз жыл сайын түрлі жаттығуларды жүзеге асырамыз, әскерлердің барлық түрлерімен өзара әрекеттестікті шыңдаймыз. Сонымен қатар, біз көршілес мемлекеттердің әскери-теңіз күштерімен өзара әрекеттестігімізді жандандырып отырамыз. Жыл сайын командалық-штабтық және ұрыстық тактикалық оқу-жаттығулар өткізіліп тұрады. Былтыр «Достастық-2011» оқу-жаттығу шараларына қатысқан болатынбыз.

Жалпы біз Ресей теңіз әскерлерімен, Әзірбайжан әскери-теңіз күштерімен тығыз ынтымақтастықты дамытып келеміз, сондай-ақ құрылып жатқан Түркіменстан әскери-теңіз күштерімен де ынтымақтастықты дамыту шараларын жүзеге асырудамыз.

Бұл арада ҚР Президенті, Жоғарғы Бас Қолбасшы Н. Назарбаевтың «Каспий бейбітшілік теңізі болуы керек» деген мәлімдемесін еске салғым келеді. Соған орай, әсіресе біз әскери күштер Каспий теңізінің бейбітшілік ошағы болуына әбден мүдделіміз. Сондықтан да Әскери-теңіз күштерінің қорғаныс қабілетін, ұрыстық қабілетін арттыру үшін барлық шараларды қабылдаймыз, одақтас елдермен өзара әрекеттестікті жандандыратын боламыз. Айта кетерлік тағы бір жайт, биылғы жылдың күзінде Каспий флотилиясында командалық-штабтық оқу-жаттығу жұмыстары өтеді. Ресей теңіз әскерлері кемелерімен бізге келіп, өзара әрекеттестікті арттыру бойынша тәжірибе алмасып, шыңдалатын боламыз. Каспий маңы мемлекеттерінен бөлек, біз АҚШ Әскери-теңіз күштерімен ынтымақтасамыз. Жыл сайын 3-4 адам Парсы шығанағындағы АҚШ әскери-теңіз күштерінің 5 флот кемелерінде тәжірибеден өтіп келеді. Бұдан бөлек, Түркия мен басқа да мемлекеттердің флоттарымен әртүрлі бағыттағы жаттығулар да өтіп тұрады.

- Келешектегі Қазақстанның Әскери-теңіз күштерін дамыту жоспарымен бөліссеңіз?

- Ең алдымен біз қазіргіден ауқымды әскери-теңіз күштерін құруды мақсат етеміз. Олар сандық қатынас тұрғысынан соншалықты көп емес, алайда жедел ден қоя алатын және заманауи қару-жарақпен, әскери техникалармен жақсы жарақталған болулары керек. Өйткені, бүгінгі күні әскер санымен емес, ептілігімен, заманауи озық техниканың болуымен ғана жеңіске жетеді. Мен осындай міндеттің толық орындалатынына сенімдімін. Соңғы 3 жылда Әскери-теңіз күштерінің бюджеті жыл сайын 3 есеге дейін өсіп келеді. Бұл алдағы міндеттерді атқаруға толық мүмкіндік береді деп ойлаймын.

- Әскери-теңіз күштерінде әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғау бойынша нендей жұмыстар атқарылады?

- Әскери-теңіз флотының ерекшеліктерін ескере отырып, біз әлеуметтік мәселелерге де баса назар аударамыз. Былтырғы жылы біз Ақтау қаласында қызметкерлеріміз үшін салынған 120 пәтерлі үйді пайдалануға бердік. Биыл Отан қорғаушылар күніне орай тағы да 120 пәтерлі үй беріледі деп отырмыз. Алдағы уақытта біз Әскери-теңіз күштерінің қызметшілерін толығымен баспанамен қамтылуын шешуді жоспарлап отырмыз. Ондай болмаған жағдайда оларға өтемақы да қарастырылады. Бұл жаңа заңда да бар.

Баспанадан бөлек, біздің офицерлер мен келісімшарт бойынша қызмет ететіндер әскери қызметінің ерекшеліктеріне қарай қосымша жеңілдіктер алып отырады. Осындай игі шаралардың баршасы қазірдің өзінде біздің әскерлерімізді Қарулы Күштердің 20 жылдығын лайықты қарсы алуға мүмкіндік беріп отыр.

Сөз соңында мен барлық әскери қызметшілерді, оның ішінде Қарулы Күштерді қалыптастыру бастауында тұрған ардагерлерімізді ерекше кәсіби мерекелерімен құттықтағым келеді. Олардың баршасына мықты денсаулық, бақыт, өмірде табыс тілеймін. Біздің Отанымыз - Қазақстан Республикасының аспаны әрқашан ашық болсын!

- Әңгімеңізге рақмет!

 

Соңғы жаңалықтар