Әскери және адамзатқа қарсы жасалған қылмыстарға жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тарту тетіктері әлі жетілмеген - семинар

Алқалы жиынға Шығыс Еуропа және Орталық Азиядан, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымынан, ТМД мүше мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясынан 48 заңгер мен халықаралық сарапшы қатысуда.
Шараны ұйымдастырушылар - ҚР Сыртқы істер министрі мен Қызыл Крест халықаралық комитеті. Аталмыш екіжақты семинардың басты мақсаты -адамзатқа үлкен қайғы-қасірет әкелетін жаппай қырып-жою қару түрлерін қолдануды жоятын тиімді шешімдерді талқылау.
«Күн сайын әлемде халықаралық гуманитарлық құқықпен тыйым салынған қару түрлерін қолданудан мыңдаған адам жарақат алып жатады. Біздің парызымыз - осындай қаруды қолдануды және одан келтірілетін зардаптарды мейлінше қысқарту, сондай-ақ қолымыздан келгенше, зардап шеккендерге көмек көрсету. Сөз жоқ, халықаралық нормаларды тиянақты орындайтын болсақ, аталмыш мәселелердің ең тиімді шешімі сол болар еді», - дейді Қызық Крест ұйымының Еуропа және Орталық Азиядағы жедел қызметі басқармасының бастығы Лоран Корба.
«Халықаралық гуманитарлық құқық әлемдік деңгейде мойындалған. Женева конвенциясының негізгі нормасы болғандықтан, оны іс жүзінде барлық мемлекеттер ратификациялады. Дегенмен, өкінішке орай, аталмыш құқықты бұзу фактілеріне қарсы қолданылатын санкциялар мен жауапкершілікке тарту тетіктері әлі нақты өз биігіне жеткен жоқ және әзірше даму сатысында қалып отыр», - дейді Л.Корба.
«Әскери, адамзатқа қарсы қылмыстар бар, біз бүгінде аталмыш қылмыстарға жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тарту тетіктерін жасақтау үстіндеміз», - деп түйіндеді сөзін Л. Корба.
Аймақ бойынша төртінші рет ұйымдастырылып отырған семинар ертең де жалғасады.