Әскерилердің психологиялық жай-күйін енді ЖИ бақылайды

АСТАНА. KAZINFORM — Қорғаныс саласының мамандары әскери бөлімдердегі барлық бейнебақылау камераларын бір жүйеге біріктіріп, оған жасанды интеллект енгізуді жоспарлап отыр. Жаңа жүйе сарбаздар мен әскери қызметкерлердің әрбір әрекетін жіті қадағалайды.

Әскерилердің психологиялық жай-күйін енді ЖИ бақылайды
Фото: Kazinform

— Егер сарбаз қаруын белгісіз бағытта немесе ережеге сай емес түрде пайдаланып жатса, бейнекамера дереу дабыл қағуы тиіс. Камера мұндай әрекеттерді тануы үшін қызметкерлер осы қозғалысты бірнеше рет қайталап көрсетіп, жүйеге оның қауіпті екенін үйретеді. Сол сияқты, адам бір жерде құлаған жағдайда, жасанды интеллект бұл жағдайды күдікті белгі ретінде тіркеп, кезекшіге немесе бөлім командиріне хабар беруге дағдыланады. Бұл — оқыс оқиғаларды, қызмет тәртібінің бұзылуын немесе қауіп тудыруы мүмкін әрекеттерді уақытылы анықтау үшін қажет, — дейді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев.

Жүйе тек сарбаздардың емес, бөлімшедегі барлық техникалардың қозғалысын бақылайды.

Әскерилердің психологиялық жай-күйін енді ЖИ бақылайды
Фото: Виктор Федюнин / Kazinfom

— Қазір жүйені оқытып жатырмыз. Жасанды интеллекттің негізгі міндеті — әскери құрамның толықтығын тексеру. Кім бар, кім жоқ? Келмеген жағдайда оның себебін анықтау. Сондай-ақ, барлық техниканың орнында тұрғанын бақылау. Бізде арнайы есептік база бар. Оны бейнекамералармен байланыстырамыз. Сол арқылы ЖИ бөлімшеден шыққан техниканың нөмірін көріп, қай машина екенін және оның қашан шыққанын автоматты түрде анықтап отыруы тиіс, — спикер.

Министрдің орынбасары әзірге пилоттық түрде жұмыс істеп тұрған жоба күніне бірнеше олқылықты анықтап отырғанын жеткізді.

— Бұл жұмыстың бәрі жоспарға енгізілген. Қазіргі кезеңде жобаны пилоттық режимде Астана, Семей, Аягөз және Алматы қалаларында сынақтан өткізіп жатырмыз. Жүйе бұған дейін бірнеше рет «түтін шығу», «қызмет орнын рұқсатсыз тастап кету» сияқты деректерді анықтады. Жалпы күніне бірнеше осындай деректі тіркеп отырады, — дейді Дархан Ахмедиев.

Айта кетейік, Қорғаныс министрлігі цифрлық жүйелер әскери қызметке шақырудың барлық негізгі кезеңдерін жеңілдеткенін мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар