Әскерге шақыру, босату және кейінге қалдыру sms-хабарлама арқылы жеткізіледі – министрлік

АСТАНА. KAZINFORM – Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев отандық әскер саласында енгізіліп жатқан цифрлық жобалар туралы айтып берді.

военные военная присяга солдаты әскери ант қабылдау сарбаздар
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

«Күзгі әскерге шақыру бойынша 400 мыңнан астам адам міндетін өтеуді кейінге қалдырды. Ал көктемгі әскерге шақырумен қоссақ барлығы 700 мың адам әскери міндетін өтеу кейінге қалдырылды. Олардың қатарында студенттер, мүгедек жандар, үйленген, балалары бар азаматтар бар. Одан бөлек, депутаттар мен дін қызметшілердің де әскери міндетін өтеуді кейінге қалдыру құқығы бар, бірақ олардың саны аз», - деді Дархан Ахмадиев елордада өткен Digital army day іс-шарасы барысында. 

Оның айтуынша, депутаттар мен дін қызметшілері әскери міндетін өтеуді кейінге қалдыру процесін eGov порталы арқылы онлайн рәсімдейді. 

«Ал әскерге шақырылатын қалған санаттағы азаматтарға бұл қызмет проактивті форматта қолжетімді. Сонымен қатар енді әскерге шақыру sms-хабарлама (1414) арқылы жіберіледі, дегенмен қағаз түрінде әскери шақырту қолданыстан алынбайды, себебі кейбір азаматтардың ұялы телефон нөмірі базада тіркелмеген. Дегенмен алдағы уақытта толықтай цифрлық форматқа көшіру жоспарланып отыр», - дейді ол. 

Айта кетсек, бүгін елордада Digital army day 2024 іс-шарасы өтті, ол жерде Қорғаныс министрлігінің цифрлық трансформациясы таныстырылды. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай әскери бөлімдерде бейнебақылау камераларының саны артады. 

Соңғы жаңалықтар