Бейнебақылау саны көбейсе әскерде суицид азая ма – министрлік жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – Әскери бөлімдерде бейнебақылау камераларының саны артады. Бұл бастама әскердегі келеңсіз, қайғылы жайттардың алдын алу мен жоюға кепіл бола ма? Бұл сауалға Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев жауап берді.
«Бейнебақылау камералары тәуекелді азайтады, яғни жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Біз (суицид) санын азайту және жою үшін әртүрлі құралдарды қолданып жатырмыз. Бейнебақылау камераларын орнату әскердегі өлім-жітімді бірнеше есе азайтады. Қазір барлық бейнекамераны түгендеу жүргізілуде. Әсіресе жасанды интеллектінің көмегімен жұмыс істейтін бейне бақылау камераларға басымдық беріледі», - деді Дархан Ахмадиев елордада өткен Digital army day іс-шарасы барысында.
Бұған дейін министрдің орынбасары әскери тәртіпті бұзған немесе әскери жарғы талаптарын орындамаған сарбаздар жасанды интеллект арқылы анықталатынын айтты.
Айта кетсек, Қорғаныс министрлігі Ақтөбе облысында МИ-8 тікұшағының апатқа ұшырау себебінің бірнеше нұсқасын болжап отыр.