Аспалы арқан жолы: Ұланбатырда жаңа қоғамдық көлік жүйесі бой көтереді

АСТАНА. KAZINFORM — Моңғолияның Ұланбатыр қаласында жаңа көлік жүйесі — аспалы арқан жол жобасы жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Монцамэ.

Аспалы арқан жолы: Ұланбатырда заманауи қоғамдық көлік жүйесі салынып жатыр
Фото: Монцамэ

Аспалы арқан жолы 98 жолаушылар кабинасынан тұрады және ең қарбалас уақытта сағатына 2320 адамды тасымалдауға қауқарлы болады. Қазіргі таңда жобаның 38%-ы орындалған.

Ұланбатыр әкімдігінің мәліметінше, жоба аясында 19 тірек бағана мен екі станция салынады. Қазіргі уақытта станциялардағы құрылыс жұмыстары жалғасуда: іргетасты құю 75%-ға аяқталған, ал 19 тіректің алтауы толық орнатылған.

Жалпы құрылыс жұмыстарының 18%-ы орындалды. Құрылыс алаңында 15 техника және 88 қызметкер жұмыс істеп жатыр. Бас мердігер — аспалы жол саласында 100 жылдан астам тәжірибесі бар, әлемге әйгілі француздық POMA тобы. Компания техникалық басқаруға, жобаны іске асыруға және кеңес беруге жауапты.

Аспалы арқан жолы: Ұланбатырда заманауи қоғамдық көлік жүйесі салынып жатыр
Фото: Монцамэ

Құрылыс жұмыстарын «Моннис инжиниринг» компаниясы жүргізіп келеді. Көлікке қажетті материалдар мен жабдықтар Франциядан жеткізілуде. Қазіргі уақытта жалпы жүктердің 69%-ын құрайтын 103 контейнер импортталып, түсірілген.

Ұланбатырды дамытуға арналған 24 мегажобаның мақсаты — қоғамдық көліктің түрлерін көбейтіп, оның қолжетімділігін арттыру, сонымен қатар жолдағы кептелісті және ауаның ластануын азайту.

Бұдан бұрын Моңғолияның Ховд аймағының билігі оба ауруының күдікті жағдайлары тіркелуіне байланысты жаппай іс-шараларға уақытша шектеу қойып, мектептерді қашықтан оқыту форматына көшірді.

Соңғы жаңалықтар