Аспан әлемінде шайқасқан Әкіжанов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеше Алматыда 92 жасына қараған шағында әскери ұшқыш, Ұлы Отан соғысының ардагері, отставкадағы полковник Байзулла Әкіжанұлы Әкіжанов қайтыс болды.
None
None

Ол 1923 жылдың 6 ақпанында Павлодар облысына қарасты Кұркөл ауылында дүниеге келді. Әкесі Әкіжан мен анасы Жаниқа Зорь-Октябрь мектебінен бастауыш класс бітірген баласы Байзулланы Семей қаласындағы мектеп интернаттың 5 класына оқуға береді. 1940 жылы оны тәмәмдаған болашақ ұшқыш комсомол жолдамасымен Семей қаласының аэро-клубына оқуға түседі. Сол кезден бастап, жас жігіт әскери ұшқыш болуды армандап, осы саланы игеруге белін бекем буып кіріседі. 1941 жылы Байзулла арманына жетіп, Чкалов авиация училищесіне оқуға түскен. Училищеде жерлестері, Кеңес Одағының Батырлары: Нүркен Әбдіров және Талғат Бигельдиновпен бірге оқыған. Оны 1943 жылы жақсы аяқтап, Отанын қорғау үшін майданға аттанды.

«1944 жылы жас, сымбатты, бойы ұзын 20 жастағы Әкіжанов біздің 45-ші Гвардиялық Рава-Русский Қызыл ту штурм авиациялық полкіне келгенінде, барлығы оны сыпайылығы, жоғары эрудициясы, адамдарға құрметі үшін бірден жақсы көріп кетті. Алғашқы жауынгерлік ұшуларынан-ақ ол өзін ынталы, жақсы дайындалған ұшқыш ретінде таныта білді», - деп жазды 2005 жылы «Казахстанская правда» газетінде оның майдангер достары, ерлі-зайыпты Константин Марченко мен Александра Федоровна.

«Біз онымен бір эскадрильяда болдық және жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде жиы бірге ұшып жүрдік. Сол кезде мен оның белгіленген мақсатқа шабуалдаған кезде табандылығы мен сауатты әрекеттерін көрдім. Әкіжанов пушкалар мен пулеметтердің отымен, нақты бомбалық және зымырандық соққыларымен Украина, Польша, Чехословакия және Германия жеріндегі неміс жасақтары мен олардың техникасын талқандады», - деп еске алады К.Марченко.

1945 жылдың 23 сәуірі Б.Әкіжанов пен онымен бірге ұшқан барлық ұшқыштардың есінде қалған күн еді. Өйткені, сол күні полк командирі Т.Федотов «Жолдас ұшқыштар! Бізге фашистер ұясы - Берлиндегі нақты нысанаға шабуыл жасау тапсырылып отыр. Өте жауапты тапсырма!», - деп үлкен сенім артып, бұйрық берді. В. Понамарев бастаған 8 экипаж бомба «асынып», Берлинге бет алдық. Жау зеңбіректерінен аман-есен өтіп, нысананы көздеп, тапсырылған бұйрықты орындап, сегізіміз де аман-есен кейін оралдық. «Бүйірін оқ тескен «Ил-2» самолетімді аман-есен аэродромға қондырып, тірі қалып, достарымызбен қуанышпен кездестік», - деп еске алады Байзулла Әкіжанұлы.

«Онда біздің штурмовиктерді аспанда Кеңес Одағының үш мәрте Батыры А.Покрышкиннің жойғыштары берік қорғаған еді. Немістің «Эрликон» зениттік қондырғыларының боратылған бөгеуші атысы жауынгерлік тапсырманы орындауға күрделі кедергі болды, бірақ ол оған қарамастан табысты орындалды. Соңғы болып ұшып келе жатқан Әкіжанов ұшағының қатты зақымдалғанынан қарамастан борттағы фотоаппаратпен әуеден келген соққыны суретке түсіре алды», - деп жазды К.Марченко. Соғыс біткесін ол ұзақ уақыт Қарулы күштер құрамында болды. Әкіжанов Мәскеуде өткен парадтарға бірнеше рет қатысқан. Оған Авиация бас маршалы Александр Новиковтың жеке пилоты болу қызметі тапсырылған. «Соғыс аяқталғаннан кейін де ол әуе күштерінің түрлі құрамаында әскери қызметін жалғастырды. Кейін азаматтық авиацияда да абыройлы қызмет етті. Он шақты ұшақ түрін меңгеріп, алысқа ұшу трассаларын салды. Еуропаның Варшава Бухарест ,Вена секілді қалаларына «әуе көпірін» жалғады. Әсіресе, Мәскеу - Берлин рейсімен ұшқанда көңіліне көп нәрсе ұялайтын...», - деп жазады Алма Әкіжанов «Аққу үні» газетінде. Кешегі соғыста шабуылшы «Ил-2» - мен шүйіліскен қалаға енді бейбіт сапармен қалықтады. 2004 жылы Жеңістің жарты ғасырына орай еліміздің бір топ соғыс ардагері үкімет наградаларын алғанда, солардың қатарында Қазақстан Республикасының азаматтық авиация кәсіпорынындағы соғыс және еңбек ардагерлерінің біріккен кеңесінің төрағасы Байзулла Әкіжанұлы да ел Президентінің жарлығымен кеудесіне «Құрмет» орденін тақты. Ұлы Отан соғысына бірге аттанған үш ағайындыдан екі ағайынды Байзулла мен Зейнулла туған еліне қайтып оралып, еңбек жолдарын жалғастырды, ал үлкен ағасы Нығмет Әкіжанұлы Украина даласында шәйіт болды. Жауынгерлік жолдастарымен бірге ол талқандалған рейхстагтың қасында қолтаңбасын қалдырып, онда үлкен әріптермен: «Біз, 2-ші әуе армиясының штурмовик ұшқыштары: Василий Пономарев, Алексей Кривонос, Владимир Моисеев, Иван Сыров, Михаил Шахматов, Василий Лаврентьев, Георгий Холмушин, Байзулла Әкіжанов Берлинді шабуылдадық. 4 мамыр, 1945 жыл» деп жазған.

Б.Әкіжановпен қоштасу және оны еске алу митингі 21 қаңтар күні сағат 10-да Алматы қаласының 28 панфиловшы саябағындағы Офицерлер үйінде өтеді. «ҚазАқпарат» ХАА-нің ұжымы Байзулла Әкіжанұлы Әкіжановтың отбасы мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.

Соңғы жаңалықтар