Ассамблея алдына үлкен міндет жүктеліп отыр - Е.Тоғжанов

Сессияда алдымен облыс әкімі Нұрлан Ноғаев биылғы 23 сәуірде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясы кезінде Ассамблея төрағасы, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың берген тапсырмаларынан туындайтын міндеттер туралы баяндама жасады. Биылғы сессияның да ерекшелігі Елбасы жариялаған ҚХА жылы аясында өтіп отырғандығында. Ассамблеяның 20 жылдығы аталып отырған мезгілде атқарылған жұмыстарды айтумен бірге алдағы мақсат-міндеттерді айқын белгілеудің де маңызы зор. Елбасы бастамасымен құрылған ҚХА жиырма жыл ішінде ел бірлігін нығайтуда көптеген жұмыстарды атқарды. Қазіргі таңда БҚО ассамблеясы қанатының астында 4 мыңнан астам адам бар. Мемлекет басшысы алға қойған «100 нақты қадамды» орындауға батысқазақстандықтардың өз үлестерін қосатыны сөзсіз. Жалпы қазақстандық мәдениетті дамыту да ерекше назарда болуы тиіс. Осыған орай кешенді іс-шаралар жоспары жасалып, ол өңір жұртшылығының назарына ұсынылып, қабылдануы керек.
ҚХА төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов Ассамблеяның 20 жылдығына байланысты қолға алынған шараларға тоқталып, бұл ретте Батыс Қазақстан облысының ұлтаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты нығайтуда елеулі табыстарға қол жеткізгенін атап өтті. Соның бір мысалы ретінде барлық аудан мен ауылдық округтер орталықтарында ғана емес, ірі кәсіпорындарда да құрылған қоғамдық келісім кеңестерін айтуға болады. Заман талабына сай өмірге келген мұндай құрылымдар алдағы уақытта жетілдіріле түсетін болады. «Елбасы көрегендікпен құрған ұлтаралық келісімнің бірегей үлгісі іспеттес Қазақстан халқы Ассамблеясы жиырма жыл ішінде өзінің өміршеңдігін көрсетті. Мемлекет басшысы Ассамблеяның еліміздің қоғамдық және экономикалық саласындағы рөлін одан әрі күшейтуді міндет етіп қойып отыр. Бұл міндетті де орындау - ортақ парыз», деді Е.Тоғжанов. Сессияға қатысушылар өз ұсыныс-пікірлерімен бөліскеннен кейін бірқатар батысқазақтандыққа «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» мерекелік медальдары, ассамблеяның «Бірлік» алтын медалі, құрмет грамоталары мен алғысхаттары табыс етілді.