Ассамблея жұмысын аяқтады, бірақ оның тәжірибесі Халық Кеңесінде жалғасады — Президент

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан халқы ассамблеясының бірегей тәжірибесі ешқашан тарих қойнауына кетпейді, керісінше, Халық Кеңесінің жұмысында қолданылады. Бұл пікірді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында айтты. 

Қазақстан Халқы Ассамблеясы
Коллаж : Kazinform / assembly.kz / el.kz

— Қазақстан халқының бірлігін нығайту — өте маңызды мәселе. Сондықтан Қазақстан Халық Кеңесі сабақтастықты сақтап, Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың дәстүрі мен үздік тәжірибесін жалғастыруы қажет, — деп атап өтті Президент.

Бұл ретте бүкіл жұмыстың сапасын жаңа саяси және ұйымдастыру деңгейіне көтеру қажет.

— Қабылданған шешімдер мен жүргізіліп жатқан реформалардың салдары этномәдени бірлестіктерге қалай әсер етеді деген орынды сауал, тіпті алаңдаушылық туындағанын білемін. Қазақстан халқы ассамблеясы, шын мәнінде, өз жұмысын аяқтады. Бірақ бұл ұйым аясында қалыптасқан пайдалы институционалдық инфрақұрылым керексіз болып қалады дегенді білдірмейді. Сіздерге турасын айтайын: Қазақстан халқы ассамблеясының бірегей тәжірибесі ешқашан тарих қойнауына кетпейді, керісінше, Халық Кеңесінің жұмысында қолданылады, — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаһанды тұрақсыздық жайлап, дүрбелеңге толы кезең келгенін, алпауыт мемлекеттердің арасындағы сенімге селкеу түскенін баса айтты.

Осындай жағдайда Қазақстандағы уақыт тезінен өткен этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлік үлгісі алдағы уақытта да еліміздің қарқынды, орнықты дамуына берік негіз болады.

— Біз этномәдени орталықтарға, театрларға, бұқаралық ақпарат құралдарына барынша қолдау көрсетеміз. Бұл — мемлекеттің конституциялық міндеті, — деді ел Президенті.

Бұған дейін Президент 1 жылда елдің саяси жүйесі мен мемлекеттік басқаруына елеулі өзгеріс әкелген ауқымды реформалар жүзеге асқанын айтқан еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 7 жылдағы негізгі көрсеткіштерін атады.

Сондай-ақ Халық Кеңесі мен Құрылтай бір-бірінің жұмысына араласпайды.