Астана 2 миллион турист қабылдауға дайын

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада биылғы 10 маусым мен 10 қыркүйек арасында өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында әлем елдері мен еліміздің әр түрлі қалаларынан 2 миллионға жуық қонақ келеді деп күтілуде. Осы орайда қалалық әкімдікке қарасты «АСТАНА конвеншн бюро» ЖШС ұйымында «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне елорданың туристерді қабылдауға дайындығы туралы айтып берді.
None
None

Астанадағы қонақ үйлер, хостелдер және пәтерлер

Қазіргі кезде бұл мәселе Бюро үшін негізгі бағыт болып отыр. ЖШС директоры Санияр Айтекеновтің айтуынша, 2 миллион туристі 100 күнге орналастыру үшін 32 мың жататын орын керек.

«Астанада 170 қонақүй бар, бұл шамамен 12,5 мың жатын-орын деген сөз. Кейінгі кездері хостелдер дегендер шығып жатыр. Қазір біздің базада 45 хостел тұр. Бұл дегеніміз тағы да қосымша 2 мың орын береді. Ал жазға қарай Астанада тағы да 2 мың орны бар 20 қонақ үй іске қосылады.  Бұған қоса біздің ұйым жоғары оқу орындарының жатақханаларынан 8 мың жатын-орын дайындап қойды. Біздің деректер бойынша, қаламызда 3 мың пәтер жалға беріледі. Олардан 10 мың орын күтуге болады. Жалпы алғанда, 35 мыңдай жатын-орын шығады, ал бұл біздің сұранысымызды толықтай қанағаттандырады», - деді ол.

Сонымен қатар, ұйым басшысы Астанадағы ірі жоғары оқу орындары жатақханаларының дайындығы туралы да айтып берді. Бұл бағыттағы жұмыстар ертеректе басталып кетіпті. Барлық ЖОО басшыларымен биыл оқу жылын ертерек аяқтап, сосын 10 күн кешірек бастау туралы келіссөздер жүргізіліпті. «Жатақханаларда жүйелі жөндеу жұмыстары болды. Бұған аталған оқу орындарының бюджетінде қаржы қарастырылған. Ал бюджеттік бөлмелер де тегін болмайды, оған туристер тұрғандары үшін ақша төлейді», - деді Бюро басшысы.

Ал енді пәтерлер мәселесіне келетін болсақ, бұл жерде, ұйым басшысының айтуынша, біраз мәселелер бар. Интернетте бірін-бірі қайталайтын жалған хабарландырулар көп. Сондықтан біз пәтерлерді брондайтын torlet.kz сайтын жасадық. Онда жалған пәтерлер болмайды. Оның арнайы кілттер жүйесі бар. Ол үшін төлем картасын тіркеудің қажеті жоқ. Тек ақпараттық дүңгіршектер немесе өз телефоныңыз, компьютеріңіз  арқылы кіріп, өзіңізге қажетті пәтерді таңдайсыз, телефон нөміріңізді қалдырасыз, ал оған арнайы код келеді, сол арқылы риелторларға немесе қожайындарға шыға аласыз. Осылайша, біз белгілі бір тәртіп орнатамыз және жария түрде жұмыс істегісі келмейтіндермен күресеміз»,- деді ол.

Сонымен бірге орындарға алдын ала тапсырыс бере алмаған қонақтар үшін вокзалдар мен әуежайдағы туристерге арналған ақпараттық дүңгіршіктер арқылы да тапсырыс беру мүмкіндігі пайда болады.

«Бір де бір қонақ далада қалмайды», - деп сендірді С.Айтекенов.

Қоғамдық тамақтану орындары

Әкімдіктің деректері бойынша, 2 миллион туриске қызмет көрсету үшін 110 мың орын керек. Қазіргі кезде елордамызда 116 мың адамға арналған 850 тамақтану орны бар. Сондықтан бұл бағыттағы негізгі күш қытай, орыс, Еуропа, Таяу Шығыстың әр түрлі ұлттық тағамдарын дайындауға жұмсалады. Ал қала билігі ЭКСПО жұмыс істейтін 3 ай ішінде азық-түлікке деген сұраныс 20-30 пайызға өсіп, 160 мың тоннаның маңайында болады деп есептеп отыр. Бұларды сақтау мәселесі де шешілген. Бұған қоса, аймақтық жәрмеңкелер кестесі де бекітілген. Тапшылық тудыруы немесе қымбаттауы мүмкін деген 30 шақты азық-түлік атауы бойынша олармен тұрақты қамтамасыз ету үшін банктер және сауда мекемелерімен келіссөздер өткізілген.

Сервис

«Туристер үшін сервис өте маңызды. Сондықтан қаладағы қонақүйлер мен мейрамханаларда, дәмханаларда қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін  «Астана конвеншн бюро» ұйымы «Recommended by Expo-2017» атты жобаны іске асырып жатыр»,- дейді Бюро басшысы.

 «Біз мейрамханалар мен қонақүйлер үшін талап каталогын жасадық. Бұл «жұлдыздықты» анықтауға байланысты. Егер де сіз біздің талаптарға сай келіп, белгілі бір балл санын жинасаңыз «алтын», «күміс» немесе «қола» серіктесіміз мәртебесін аласыз. Ал біз сізге маркетингтік кілттер ұсынамыз: сізді гид-жолбасшы журналына, ақпараттық дүңгіршекке, welcometoastana.kz порталына, мобильдік қосымшаға қосамыз. Бұл кәсіпкерлерді ынталандырып, сервис сапасын арттырады», - деді Санияр Айтекенов.

Серіктес мәртебесін алу үшін ұйымның әр түрлі тілдерде мәзірі, wi-fi, әлеуметтік желіде, интернетте парақшасы, тілдерді білетін персоналы болуы керек.

Ұйым басшысының айтуы бойынша, қазіргі кезде бұндай серіктестің саны 100-ге жетіп қалған әрі тілек білдірушілердің саны күн сайын артып келеді. Бұл мақсатта үлкен комиссия құрылған, ол барлық талаптарды тексеріп, бақылап отырады. Ал алдағы уақытта Бюро оларды дестинация клуб мүшелігіне тартып, ғаламдық дистрибьюторлық жүйеге (ҒДЖ) енгізбек.

«Қазір көптеген елдер шетелдік іссапарлар мен демалысты жоспарлауға клиенттің қатысуынан бас тартып жатыр. Олар бұны кәсіби арналарға сеніп тапсырады. Атап айтқанда, бір компанияның ҒДЖ жүйесі бойынша қызметкері қонақүйлердің бір түрлерін, тасымалдау компанияларының жеткізіп берушілерінің бір түрлерін пайдаланады. Сондықтан, осы арналарды пайдаланғаны үшін олар жеңілдіктер алады. Осы жүйені Астанада енгізсек, ұтарымыз көп болмақ және осы бағытта көп еңбектеніп жатырмыз, және оған қол жеткізетінімізге сенімдіміз», - дейді Санияр Айтекенов. 

Соңғы жаңалықтар