Астана 25 жылда қалай өзгерді: статистика не дейді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елорданың алғаш рет Астана атауын иеленіп, мәртебесі айғақталғанына биыл 25 жыл толып отыр. Бір кездегі тың игерушілер қаласынан тәуелсіздік нышанына айналған бас қаланың осыдан 25 жыл бұрын тұсауы кесіліп, халықаралық таныстырылымы өткен. Содан бері не өзгерді? Статистика не дейді? ҚазАқпарат тілшісі Астана қалалық әкімдігі берген ресми деректер негізінде осы 25 жыл ішіндегі қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне шолу әзірледі.

Ономастика туралы бірер сөз

1998-2022 жылдар арасында қазіргі Астана қаласының атауы 4 рет өзгерді. 1850 жылдары Қараөткел, кейіннен Акмолинск бекінісі, ал 1961 жылдан бері Целиноград аталып келген қала 1992 жылы тарихи атауын қайтарып, қайта Ақмола қаласы аталған. 1998 жылдың 6 мамырында Президент Жарлығымен қаланың атауы Астана болып бекітілді.

2019 жылдың 20 наурызында Президент өкілеттігін Нұрсұлтан Назарбаевтан қабылдап алған Қасым-Жомарт Тоқаев елорданың атын Нұр-Сұлтан деп өзгертуді ұсынды. Ал 2022 жылдың 17 қыркүйегінде Президент Жарлығымен Нұр-Сұлтанның орнына қайтадан Астана атауы оралды. Айта кетерлігі, астана мәртебесі беріліп, бас қала атауын ауыстыру жайы қозғалғанда қоғамда пікірталас болып, елордаға лайықты делінген түрлі баламалар да ұсынылған. Солардың арасында қазіргі «Астана» атауынан бөлек елорданың атын «Қараөткел», «Ақмола», «Алаш Орда» деп атау туралы мәселелер де баспасөз бетінде талқыланған.

Демография

1998-2023 жылдар арасында Астана халқының саны 4,2 есе өсіп, 326 900 адамнан 1 млн 371 мың адамға жеткен (2023 жылдың 1 мамырындағы дерек бойынша).

1998 жылы сол кездегі Астана перзентханаларында 3,4 мың сәби дүниеге келсе, кейінгі 3-4 жылда жыл сайын 25-30 мың бала дүниеге келетін болған.

Жалпы, Астананың 1997 жылдан бергі демографиялық статистикасы республикалық статистикадан өзгеше. 1992 жылы сол кездегі Ақмолада 298,7 мың адам тұрса, 1996 жылы 287,2 мың адамға дейін азайып кеткен. Бірақ 1997 жылдың қаңтарында саяси шешім қабылданып, Ақмола Астанаға айналатыны белгілі болған тұстан бастап көші-қон оң сальдо көрсете бастайды. Қала халқының саны ең жылдам өскен кезең – 1998-2008 жылдар болып есептеледі. Мұндай өсім негізінен Қазақстанның басқа өңірлерінен қоныс аударған адамдардың есебінен тіркелді.

Ал туу көрсеткіші жалпы республикалық көрсеткіштерге ұқсас болды. 1989-1999 жылдар арасында бұл шама орта есеппен 1,97% болса, 2000-2018 жылдар арасында 6,33%-ға жетті.

Қаланың бас жоспарында халықтың болжамды саны былайша белгіленген: 2025 жылы – 1 млн 480 мың адам, 2035 жылы – 2 млн 275 мың адам.

Экономика

Қаланың жалпы өңірлік өнімі 1998 жылы 60,5 млрд теңге болған екен. 2022 жылы бұл көрсеткіш 10,4 трлн теңгеге жетті. Жалпы өңірлік өнімді жан басына шаққандағы шама 25 жыл бұрын 141,5 мың теңге болса, 2022 жылы 7,9 млн теңгеге жеткен.

1998 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 20,2 млрд теңге болса, 2022 жылдың қорытындысында 1,9 трлн теңгеге жеткен. Яғни, 25 жылда 95 есе артқан.

Астана, әсіресе құрылыс саласындағы инвесторлар үшін тартымды қала саналады. Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы, «Әзірет Сұлтан» мешіті, дипломаттар қалашығы, ислам мәдени орталығы, «Хан-Шатыр» сауда ойын-сауық орталығы сияқты нысандардың бой көтеруіне инвесторлар елеулі үлес қосты.

Жалпы, қала экономикасына 1998 жылдан бері 13,7 трлн инвестиция тартылған. 25 жылдың ішінде бұл шама 40,8 млрд теңгеден 1,4 трлн теңгеге немесе 35 есе өскен.

Қаладағы бөлшек сауданың айналымы 1998 жылы 12,5 млрд теңге болса, 2022 жылы 1 трлн 973,9 млрд теңгеге жеткен. 25 жыл бұрын қаладағы номиналды орташа айлықтың мөлшері 12 886 теңге болса, 2022 жылы 409 мың теңге болып тіркелген. 1999 жылы қала тұрғындарының ең төменгі күнкөріс деңгейі 3 420 теңге деп белгіленсе, 2022 жылы 49 698 теңге болып бекітілген. 1998 жылы қаладағы жұмыссыздық деңгейі 13 пайыз болса, 2022 жылы 4,6 пайыз деп көрсетілген. 1998 жылы тұтыну бағаларының алдыңғы жылмен салыстырғандағы индексі 108,7 пайызды көрсетсе, 2022 жылы бұл шама 123 пайыз болып тіркелген.

Баспана

Құрылысқа салынған инвестицияның есебінен 25 жылда қаланың тұрғын үй қоры 32 млн шаршы метрге жеткен. 1988 жылы қала аумағында 136,7 мың шаршы баспана берілген болса, 2022 жылы 2,4 млн шаршы метр баспананың кілті табысталған.

Қаланың бас жоспарындағы мәлімет бойынша, 2016-2021 жылдары Астана қаласында 10 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынған. Осы аралықта жыл сайын орта есеппен 2,6 млн шаршы метр баспана беріліп келген.

Қолданыстағы тұрғын үй қорының 83,5%-ы – көп пәтерлі тұрғын үй.

Қазір бір адамға есептегендегі тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткіші 21,1 шаршы метр болып тұр.

Бас жоспарда бұл көрсеткішті 2035 жылға дейін 30 шаршы метр ету қажет деп белгіленген. Ол үшін қаладағы тұрғын үй қорын 2035 жылға дейін қазіргі 32 млн шаршы метрден 68 млн 250 мың шаршы метрге жеткізу қажет.

Бизнес-климат

Астана шетелдік инвесторлар үшін ғана емес, отандық кәсіпкерлер үшін де тартымды қала болып отыр. Бүгінде мұнда 220 мыңнан астам бизнес нысаны жұмыс істеп істейді. Қаладағы әр үш тұрғынның біреуі шағын және орта бизнесте нәпақа тауып жүр.

Ел аумағында көрсетілетін қызметтер мен жұмыстың 20 пайызы Астанадағы шағын және орта бизнес нысандарына тиесілі. 2005 жылы Астанадағы шағын және орта бизнес нысандары 177,8 млрд теңгенің өнімін шығарса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 11 трлн 422,9 млрд теңгеге жетті. 25 жылдағы өсім қарқыны – 65 есе.


Соңғы жаңалықтар