Астана әкімдігі газды 4 компаниядан ғана сатып алуға шақырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әкімдігі қала тұрғындарын сұйытылған газды аккредиттелген фирмалардан ғана сатып алуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Төтенше жағдайларды болдырмау үшін отын-энергетикалық кешен және коммуналдық шаруашылық басқармасы қала тұрғындарын газ баллондарын тек аккредиттелген ұйымдардан ғана сатып алуға шақырады. Астанада мұндай төрт компания бар: «Астанагазсервис» АҚ («Бейбарыс газ» сауда маркасы), «LPG Дистрибьюшн» ЖШС («Жігер Газ»сауда маркасы), «Горгаз Астана 2050» ЖШС және «Коммерц Трейд» ЖШС.

«Аталған ұйымдар баллондағы газды қала аумағында тегін жеткізіп береді. «Газбен жабдықтау саласындағы заңнама бұзылған жағдайда (автожанармай құю станцияларында газ баллондарын толтыру, тиісті құжаттарды ұсынбау) іKomek әкімдігінің бірыңғай байланыс орталығына 109 телефоны бойынша, сондай-ақ #astana109 хэштегімен әлеуметтік желілерде дереу хабарлауды сұраймыз», - делінген әкімдік сайтындағы ақпаратта .

Белгілі болғандай, Астананың жекеменшік секторының көптеген тұрғындары тамақ дайындау және жылыту үшін сұйытылған газды пайдаланады. Газ баллондарын пайдалану кезінде қауіпсіздік техникасының сақталмауы мен немқұрайлылық өртке, жарылысқа әкелуі мүмкін. «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңға сәйкес авто-газ құю стансыларында газ баллондарын толтыруға тыйым салынады.

Еске салайық, елордада 2 қаңтар күні газ толтырылатын резервуар жарылып, салдарынан 60 шаршы метрді алып жатқан қойма қирады, жақын орналасқан төрт қабатты жатақхананың терезелері сынды. Жергілікті атқарушы органның күшімен жатақхана тұрғындарын орналастыру үшін екі автобус оқиға орнына жіберілді. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ.

Осы оқиғадан кейін қала әкімі Бақыт Сұлтанов Астанадағы барлық газ толтыру станцияларын тексеруді тапсырды.

Айта кетейік, 2018 жылдың 31 желтоқсаны күні Ресейдің Магнитогорск қаласында көпқабатты үйде газ баллоны жарылып, 40-қа жуық адам қаза болды.

Соңғы жаңалықтар