Астана әкімдігі үстіміздегі жылы балабақшаларға жолдамаларды үлестіру мерзімі өзгертілгенін хабарлайды

АСТАНА. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат - Астана қаласында балабақшаларда топтарды жасақтау мерзімі өзгертілді. Биыл мектепке дейінгі мекемелерге жолдамаларды үлестіру әдеттегідей, маусым айында емес, сәуірдің 1-і мен 30-ы аралығында жүзеге асырылатын болады,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, топтарды жасақтау мерзімінің өзгеруі, мектепке дейінгі білім берудің мемлекеттік жүйесіне Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес 12 балабақшаның қайтарылуымен байланысты болып отыр. Олардың бірі - санаторлық типте. Онда балаларды бөлуді туберкулезге қарсы диспансер жүзеге асыратын болады. Балабақшаларға жапсарлас салынып жатқан екі нысанды алдағы қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарлануда.

Осылайша, үстіміздегі жылы барлығы 3719 жолдама үлестіріледі. Олардың ішінде 2120 орын - жаңадан ашылған нысандардан беріледі, 1599-ы - жоспар бойынша босағандар.

Жолдамаларды үлестіру үшін әкімдіктің жанынан құрамына қалалық мәслихат депутаттары, «Нұр Отан» ХДП, Білім басқармасы мен ата-аналар кеңесінің өкілдері енген жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының отырысы сенбі және жексенбі күндерден басқа, күнделікті сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін Конституция көшесі, 44-ші үйде орналасқан №26 орта мектеп ғимаратында өтеді.

Түсініспеушіліктер мен қажетсіз кезектерді болдырмас үшін балаларға орындарды үлестіру кестесі жасалды: Мәселен, 2008 жылы туылған балалар үшін қабылдау - сәуірдің 1,2 және 5 күндері; 2007 жылғылар үшін - 6,7 және 8-і күндері; 2006 жылғылар үшін - 9,12 және 13-і; 2005 жылғыларды қабылдау - 14,15 және 16 күндері; 2004 жылғы балалары бар ата-аналар - 19, 20 және 21-і күндері келуі тиіс. Сәуірдің 22-29 күндері аралығында қабылданған құжаттарды қарау жүреді.

Қосымша ақпараттарды елорда әкімдігінің ресми сайтынан алуға болады (www.astana.kz ).

Соңғы жаңалықтар